Екібастұз МАЭС-2-де жаңа энергоблоктардың құрылысы кестеден кешігуде

Екібастұз МАЭС-2-де жаңа энергоблоктардың құрылысы кестеден кешігуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жоба іске асқанда станцияның қуаты бір гигаваттан астамға артады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қала әкімі Аян Бейсекин жұмыс сапары барысында МАЭС-2-дегі үшінші және төртінші энергоблоктардың құрылысымен танысты. Оның айтуынша, бұл – ел үшін стратегиялық маңызы бар энергетикалық жобалардың бірі.

Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген кестеден аздап ауытқып жүргізіліп жатыр. Авторлық және техникалық қадағалау өкілдерінің мәліметінше, анықталған ескертулер жедел түзетілуде.

– Негізгі мәселелер – жұмыс сапасы, мерзім мен қауіпсіздік талаптарын сақтау, сондай-ақ жұмысшылардың еңбекақысын уақытылы төлеу, – деді Аян Бейсекин.

Жобаны жүзеге асырудағы негізгі жауапкершілік «Самұрық-Энерго» компаниясына жүктелген. Ал жергілікті атқарушы органдар құрылыс барысын сүйемелдеуге жауап береді.

Қала әкімі құрылыс алаңындағы жұмыс қарқынын арттыруды тапсырды. Әсіресе білікті мамандарды тарту және бетон жұмыстарын жеделдету қажет.

– Қазір ауа райы қолайлы, алдағы болжам да жақсы. Сондықтан қойылған міндеттерді жақын арада орындауымыз керек, – деді қала әкімі.

Үшінші және төртінші энергоблоктар іске қосылғаннан кейін МАЭС-2 қуаты бір гигаваттан астамға ұлғаяды. Қала әкімінің пікірінше, жоба өңірдің энергетикалық және инвестициялық әлеуетін күшейтеді.

Аян Бейсекин өңірдегі ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың ерекше бақылауында екенін атап өтті.