Павлодар облысының әкімі азық-түлік бағасын ұстап тұру жұмысын сынға алды

Павлодар облысының әкімі азық-түлік бағасын ұстап тұру жұмысын сынға алды

Облыс әкімі тиісті басқарма басшысы дүкендерді аз тексеретінін айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық әкімдіктің аппараттық жиынында аймақ басшысы Асайын Байханов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізімінде 19 өнім түрі бар екенін және сол өнімдердің бағасын ұстап тұру басты мақсат екенін атап өтті. Оның ішінде нан, картоп, сәбіз, пияз, сүт, қант, макарон және басқа да өнімдер бар. 

Облыс әкімі Екібастұздағы өзі аралап, өнімдердің бағасы қымбаттағаны анықталған дүкендерге мониторинг топтары қайтадан неше рет барғанын және кәсіпкерлік басқармасының басшысы неше рет барғанын сұрады. 

– Біз ол дүкендермен күнделікті жұмыс жасап жатырмыз. Телефон арқылы да барлық жағдайды біліп отырмыз. Мен өзім бір рет бардым, – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысы Ернұр Жәутікбаев.

Асайын Байханов бұл аз екенін айтты. Сондай-ақ Павлодар қаласындағы бағалар бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады. 

Ернұр Жәутікбаевтың айтуынша, қаладағы бағаларды бір деңгейде ұстау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде «Гринвич» және «Смолл» сауда желілерінде бағалар бір деңгейде. Бір үстемақыны ұстап отыр. 

– Бұл жерде мен келіспеймін. 103 теңге мен 124 теңге бір деңгейдегі баға ма? Жұмысты күшейтіңіздер. Сіздер маған нақты нәтижелі жұмысты көрсетіңіздер. Оның бәрі бізде өнідірілетін тауарлар ғой. Картоп, сәбіз болсын. Қант түсінікті. Ол бізде өндірілмейді. Бірақ бізде шығатын өнімге қолжетімді бағаны жасау керек. Келісімшартқа отырасыздар ма, меморандум жасайсыздар ма? Ол сіздің жауапкершілігіңізде. Ауыл шаруашлығы басқармасымен бірлесіп, жұмысты күшейту керек, – деді Асайын Байханов.

Сонымен қатар, Ернұр Жәутікбаев облыста маңызды азық-түлік бағасын ұстап тұру бойынша күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Мониторинг 779 дүкенге жасалады.

Еске салайық, бұған дейін осы жиында Шарбақтыдағы құс фабрикасында тауықтар азайғаны айтылды. Кәсіпорындағы жұмырқа өндірісі екі еседен астам қысқарған.