Екібастұздық ата-аналар білім ордасында қамшы өрудің үлгісін көрсетті

Екібастұздық ата-аналар білім ордасында қамшы өрудің үлгісін көрсетті
Фото: Константин Шелков

Іс-шараға 60 әке мен ата немерелерімен бірге белсене қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Білім беру бөлімінің мәліметінше, Екібастұз қаласы №23 мектепке дейінгі гимназиясында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Әкелер мен аталар» мектебі тақырыбында тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Аталмыш жиын әкелер мен аталардың бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған.

Бағдарлама барысында ұлттық ойындар ойналып, балалар асық атып, арқан тартып, қызу тартысқа түсті.

Сондай-ақ, қазақтың ұлттық мұрасының бірі ер тоқым жайлы танымдық ақпарат беріліп, оның жасалу жолдары мен маңызы түсіндірілді. Ал аталар қамшы өру өнерін көрсетіп, әр өрімнің өзіндік мән-мағынасы бар екенін баяндады.

Қатысушылар тоғызқұмалақ пен дойбы ойнап, логикалық ойындар арқылы балалардың ой-өрісін дамытуға үлес қосты.

Іс-шара соңында қатысушылар осындай ұлттық құндылықтарды дәріптейтін кездесулердің маңызын атап өтіп, болашақта жиі өткізуге ұсыныс жасады.