Павлодарлық кәсіпкерлер қолма-қол ақшасыз төлемнен бас тартса, не болады?
Кейбір кәсіпкерлер қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тартуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз және тұтынушылардың құқықтарын бұзу болып табылады. Алайда кейбір кәсіпкерлер сатылған тауар мен көрсетілген қызмет үшін тек қолма-қол ақшамен төлеуді талап етуде.
Қазақстан Республикасының «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңына сәйкес, сатып алушылар төлемді банк картасымен, QR-код арқылы немесе қолма-қол ақшамен жүзеге асыруға құқылы. Осы талапты орындамаған кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Алғаш рет заң бұзғандарға ескерту жасалады, ал қайталанған жағдайда 40 АЕК (157 280 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
Қолма-қол ақшасыз төлем қабылдаудан бас тарту фактілері анықталған жағдайда, Мемлекеттік кіріс органдарына немесе «e-Otinish» порталына дәлел құжаттарымен бірге шағым жіберуге болады.
Сондай-ақ, кәсіпкерлер тұтынушыларға фискалдық чек беруге міндетті. Егер чек берілмесе, алғаш рет ескерту жасалып, қайталанған жағдайда 20-дан 40 АЕК-ке (78 640 теңгеден 157 280 теңгеге) дейін айыппұл қарастырылған.