Павлодар қалалық перзентханасы жөндеуге дейін жұмысын жалғастырады

Перзентхана ғимараты жобалық-сметалық құжаттама дайын болып, қаржы бөлінгенге дейін штаттық режимде жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы 15 сәуір күні ұжыммен өткен кездесуде мәлімдеді.
Кездесуде басқарма басшылары ғимараттың күрделі жөндеуді қажет ететінін айтты. Техникалық сараптама қорытындысы мен санитарлық-эпидемиологиялық жағдай да осыны растайды. Жөндеу аяқталған соң медициналық көмек сапасы жақсарып, болашақ аналар мен қызметкерлер үшін қолайлы жағдай жасалмақ.
Қалалық №1 аурухана басшысына стационар жұмысына талдау жүргізу тапсырылды. Бөлімшелерге түсетін жүктеме, төсек-орын қоры және медициналық персоналға түсетін салмақ ескеріледі. Талдау нәтижесі бойынша төсек-орын қорын оңтайландыру және медициналық көмектің сапасын сақтау мәселесі қарастырылады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратына сәйкес, болашақ аналарға Павлодар облыстық перинаталдық орталығы, Ақсу мен Екібастұз қалаларындағы босану үйлері және облыстың аудандық ауруханалары көмек көрсетеді. 2024 жылы перзентханада 2045 нәресте дүниеге келді, қазіргі таңда бөлімде 65 адам жұмыс істейді.
Жөндеу жұмыстары басталған соң перзентхана уақытша №1 облыстық перинаталдық орталығына көшіріледі. Қызметкерлер жұмыспен қамтылып, медициналық көмек үздіксіз көрсетіледі.