«Ертіс» өз алаңында «Астанаға» есе жіберді

«Ертіс» өз алаңында «Астанаға» есе жіберді
Фото: «Ертіс» ФК

Қазақстан Премьер-лигасының 18-туры аясындағы кейінге қалдырылған кездесуде павлодарлықтар елордалық командадан минималды есеппен жеңілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Астана» Павлодарға ең мықты құрамын алып келді. Алаңға АҚШ-та өткен әлем чемпионатына қатысқан Иван Башич, Қазақстан құрамасының капитаны Бауыржан Исламхан және аты аңызға айналған Марин Томасов шықты. Алайда жанкүйерлер тартысты ойын мен қауіпті сәттерді көп көре алмады.

Григорий Бабаян шәкірттері әдеттегідей допты ұзақ бақылауда ұстап, қарсыластың қорғанысын асықпай бұзуға тырысты. Ойын қарқынының баяу болғаны соншалық, бірінші таймда қақпаға бағытталған соққылар саусақпен санарлықтай болды. Алаң иелері сапында алғы шепте допқа таласқан Тимур Мұхамеджанов пен белсенділік танытқан жапониялық Юши Шимамураның әрекеттері де нәтиже бермеді.

Үзілістен кейін де ойын сипаты айтарлықтай өзгерген жоқ. Кездесудің шешуші сәті Томасовтың «Ертістің» айып алаңында құлауынан кейін туды. Төреші еш ойланбастан пенальти белгіледі. Он бір метрлік айып добын Бауыржан Исламхан сенімді орындады.

Есеп ашылған соң «Астана» әдеттегідей қорғанысқа шегініп, допты қарсыласына берді. Алайда павлодарлықтар ұзақ уақыт бойы бұл басымдықты тиімді пайдалана алмады. Лео Калил алаңға шыққаннан кейін ғана «Ертістің» шабуылдары жылдамдай түсті. Жанкүйерлер бразилиялық футболшының неге бірінші тайм бойы қосалқы құрамда отырғанына таңғалды. Ал Бақтияр Төлеуов либеро міндетін атқарып, команданың шабуылдарын сәтті бастап отырды.

Қонақтар ойын тізгінін біртіндеп босатқан сайын «Ертістің» есепті теңестіруге мүмкіндіктері пайда болды. Бірақ олардың ешқайсысы голға ұласқан жоқ.

Қорытынды есеп — 0:1. «Ертіс» турнир кестесінде 13-орында қалып, төменгі дивизионға түсіп қалу аймағынан екі ұпайлық басымдығын сақтап отыр. Келесі кездесуін павлодарлықтар 18 қазанда сырт алаңда «Қайратқа» қарсы өткізеді.