«Ертіс орманы» мамандары оқушыларға табиғатты қорғаудың маңызын түсіндірді

«Ертіс орманы» мамандары оқушыларға табиғатты қорғаудың маңызын түсіндірді
Фото: ТЖД

Оманшылар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған экскурсия өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Парктер шеруі» табиғатты қорғау акциясы аясында «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесі туризм және экологиялық ағарту бөлімінің мамандары Арбиген жалпы орта білім беру мектебінің жанындағы жазғы лагерь тәрбиеленушілеріне экскурсия өткізді.

Экскурсия барысында қатысушылар дендропаркке барып, ағаштар мен бұталардың алуан түрлі түрлерімен және өңірдің орман экожүйелерінің ерекшеліктерімен танысты. Сонымен қатар, оқушыларға «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесінің орман қорын қорғау, сақтау және молықтыру бағытындағы негізгі қызметтері туралы ақпарат берілді.

Оқушылардың ерекше қызығушылығын орман өрт сөндіру станциясына жасалған сапар тудырды. Мұнда олар орман өрттерінің алдын алу және оларды сөндірумен айналысатын мамандардың жұмысымен, сондай-ақ қолданылатын техника мен жабдықтармен танысты.

Бұдан бөлек, экскурсияға қатысушылар резерваттың орталық жедел басқару орталығында болып, орман өрттерін ерте анықтау жүйесінің жұмысымен, операторлардың қызметімен және орман қорын мониторингтеудің заманауи технологияларымен танысты.

Өткізілген экскурсия оқушылардың экологиялық мәдениетін арттыруға, табиғатты қорғау саласындағы білімдерін кеңейтуге және туған өлкенің табиғатына ұқыпты әрі жауапкершілікпен қарау көзқарасын қалыптастыруға ықпал етті.