Ертіс жайылмасындағы өртке жер телімі иелері күдіктелуде

Ертіс жайылмасындағы өртке жер телімі иелері күдіктелуде
Фото: Константин Шелков

Өрт Атамекен кенті тұрғындарының үйлеріне қауіп төндірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өртті сөндіруге сегіз техникамен 20-дан астам өрт сөндіруші жұмылдырылды. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте Павлодар облысы ТЖД басшысы Рустамбек Әмрин мәлім етті.

Жайылма 25 сәуір күні өртенген. Өрт Атамекен кентіндегі Шәмші Қалдаяқов және Тәуелсіздік көшелеріндегі тұрғын үйлерге қауіп төндірді.

Ведомство басшысының айтуынша, өрт ошағы тұрғын үйлерден шамамен 500 метр қашықтықта болған. Жалын Павлодар мен Ақсу аумағындағы жеті бөлек ошақта тұтанып, жалпы ауданы 26 гектарды қамтыған.

– Айта кету керек, өрт жолдары мен кірме жолдары жоқ аралдарда болған. Алдын ала болжам бойынша, жер телімдерінің иелері әдейі өртеуі мүмкін, – деді Рустамбек Әмрин.

Тілсіз жау сол күні сағат 17:10-да толық сөндірілді.