«ERTIS-BAYAN CUP» турниріне Қазақстан, Қырғызстан және Ресейден келген атбегілер қатысты
«Ертіс» ат спорты кешенінің алғашқы турниріне жүзден астам жүйрік бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаңа ипподром алғашқы қыбылдауын сәтті өткізді. Мұнда ат спорты мен ұлттық спорт түрлері бойынша ауқымды жарыстарды ұйымдастырылды. Жарыс жолына қазақстандық ғана жүйріктер емес, Қырғызстан мен Ресейден де қатысты. Жалпы жарысқа жүзден астам жүйрік келді. Ең көп қатысушы жиналған бәйге — 18 шақырымдық «Аламан бәйге» болды. Бұл додада 30 тұлпар бақ сынады.
Мерекенің көркін Голливудтың ірі кино жобаларына қатысуымен танымал халықаралық Nomad Stunts каскадерлер тобының көрсетілімдері қыздырды. Өнерпаздар көрермендерге ат үстіндегі шеберліктің жоғары деңгейін көрсетіп, әсерлі шоу ұсынды.

Бағдарлама аясында ат үстіндегі акробатикалық жаттығулар, жалаулармен шеруге шығу, сондай-ақ шабандоздардың теңге ілуі көрсетілді. Каскадерлер қозғалыс кезінде ердің үстінде тік тұрып, аттың бір қапталынан салбырап, бір қолымен немесе аяғымен ғана ұстап, аттың бауырынан бір жағынан екінші жағына өтіп, шауып келе жатқанда жерге секіріп түсіп, қайтадан ерге міну сынды күрделі трюктерді орындады.
Көрермендерді ерекше таңғалдырған сәттердің бірі — шабандоздың атқа теріс қарап отырып, оның қозғалысын толық бақылауда ұстауы болды. Сондай-ақ әйел каскадер де ер азаматтармен тең дәрежеде күрделі элементтерді орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Көрермендердің айтуынша, Nomad Stunts тобының өнер көрсетуі спорттық мерекенің ең жарқын сәттерінің біріне айналып, трибунадағы жұртшылықтың зор қошеметіне ие болды.

Алғашқы жарыста Виа Кон Ми атты жирен қасқа айғыр жеңіске жетті. Оның иесі — Тастан Жансыбаев, ал шабандозы — Диас Жеңіс. Бұл команда жарыс қашықтығын ең үздік нәтижемен аяқтап, жаңа «Ертіс» ипподромындағы алғашқы жарыстың жеңімпазы ретінде тарихта қалады.
Алғашқы турнирдің өткізілуі жаңа ат спорты кешенінің ірі жарыстарды қабылдауға толық дайын екенін дәлелдеп, Павлодар облысында ат спорты мен ұлттық дәстүрлерді дамытудағы маңызды қадам болды.