Ертіс ауданында 50 жылқы қараусыз жайылғаны үшін мал иесі жазаға тартылды
Қараусыз малдың жолда жүруінің басты себептерінің бірі – мал иелерінің жауапсыздығы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Көп жағдайда олар малды жайылымға өз бетімен жіберіп, қораға қайтып келеді деген оймен бақылаусыз қалдырады. Мұндай әрекеттер жануарлардың өздеріне ғана емес, республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарда жол-көлік оқиғаларының туындауына да себеп болады.
– «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында «Атамекен-Русская – Поляна» автожолында, Қарақұдық ауылы маңында полиция қызметкерлері бақташысыз жайылып жүрген 50 жылқыны анықтады. Мал иесі тез арада анықталып, ауыл шаруашылығы жануарларын бағу қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Ертіс ауданы полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы Атығай Айғазинов.
Полиция қызметкерлері еске салады: егер сіз жеке қосалқы шаруашылықпен айналыссаңыз, малды бақылауда ұстаңыз, жайылымды дұрыс ұйымдастырып, қора-жайларыңызды сенімді құлыптармен жабыңыз.