Павлодардағы автожолда жылдамдық асырып, айыппұл арқалағандар 20 мыңнан асты

Павлодардағы автожолда жылдамдық асырып, айыппұл арқалағандар 20 мыңнан асты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жылдамдық режимін бұзу дерегі ZEREK-2 жүйесімен анықталуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Жол-көлік оқиғаларының санын азайту, сондай-ақ Павлодар облысының республикалық маңызы бар автожолдарында жүргізушілердің тәртібін арттыру мақсатында Павлодар–Омбы, Павлодар–Астана, Павлодар–Семей бағыттарында ZEREK-2 сертификатталған аппараттық-бағдарламалық кешені жұмыс істейді.

– Кешен көлік құралдарының қозғалыс жылдамдығын автоматты түрде өлшеуге, құқық бұзушылықтарды тіркеуге, мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін тануға арналған. Кейін ақпарат Бас прокуратураның әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімі дерекқорына жолданып, айыппұл төлеу қажеттілігі туралы нұсқама электронды түрде рәсімделеді, – деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Мәселен, «BMW X6» автокөлігінің жүргізушісі Павлодар–Астана автожолында белгіленген жылдамдық режимін бұзып, рұқсат етілген 140 км/сағ орнына 183 км/сағ жылдамдықпен жүрген. Аталған құқық бұзушылық ZEREK-2 жүйесімен тіркеліп, жүргізушіге айыппұл төлеу туралы нұсқама жіберілді.

Жыл басынан бері ZEREK-2 жүйесімен жылдамдықты арттырудың 23 264 дерегі анықталды.