Павлодарда жолақыға байланысты тараған ақпарат жалған болып шықты

Павлодарда жолақыға байланысты тараған ақпарат жалған болып шықты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Аталған жайтқа қатысты қала әкімі түсініктеме берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Әлеуметтік желіде қоғамдық көліктердегі жолақығы өзгерістер енгізілгені туралы ақпарат жарияланды. Жарияланған суретте 30 сәуірден бастап барлық жолаушылар толық көлемде жолақысын төлеу керек деген ақпарат жазылды. Алайда, тұрғындар арасында бұл жағдайға байланысты наразылық туындады. Павлодар қаласының әкімі аталмыш оқиғаны жоққа шығарды.  

– Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Азаматтардың жекелей санаттары үшін жеңілдетілген жол жүру ақысы сақталады,– деп жазды Хасар Хабылбеков өзінің Instagram парақшасында. 

Павлодар қалалық мәслихатының 2022 жылғы 26 мамырдағы шешімімен Павлодар қаласында қоғамдық көліктерде тегін және жеңілдікпен жол жүруге құқығы бар азаматтардың жекелеген санаттарының тізімі айқындалды. 

– Бүгінгі таңда бұл шешім күшін жойған жоқ және қолданыста болып табылады. Осы шешімге сәйкес жеңілдікті санатындағы жолаушылар әлеуметтік көлік картасын немесе жеңілдікті  растайтын құжатты көрсеткен кезде жол ақысын төлемеуге құқылы,– деді қала әкімдігінде. 

Сонымен қатар, Павлодар қаласының ТҮКШ бөлімімен 1, 1Э, 2, 9, 18, 27-маршруттарға қызмет көрсететін кәсіпорын тарапынан шарттық міндеттемелерді орындамау фактісі бойынша талап-арыз жұмыстары жүргізілуде.