Ертіс ауданында қоғамдық орында мас күйінде жүрген тұрғын қамалды
Тәртіп сақшылары Ертіс ауылындағы Қажымұқан көшесінде орналасқан дүкеннің жанында көшеде шайқалып жүрген ер адамды тоқтатты, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адамның мас болғаны медициналық куәландырумен расталды. Кейін оның бір жыл ішінде бұл күйде екінші мәрте ұсталғаны анықталды.
– Полиция қызметкерлері 40 жастағы ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК 440-бабының 3-бөлігі, яғни алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде болғаны үшін әкімшілік хаттама толтырды. Материал сотта қаралып, ер адам сот қаулысымен бес тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды, – деді Ертіс ауданы полиция бөлімінің бастығы Қуат Түсіпбеков.
Полицейлер ағымдағы жылдың басынан бері облыста алкогольдік ішімдіктерді ішкені және қоғамдық орында алкогольдік мас күйіде болғаны үшін – 1259 азамат, оның ішінде Ертіс ауданында 53 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.