Павлодарда жасөспірімдер қаржылық алаяқтықтан сақтануды үйренеді
Оқыту компьютерлік ойын арқылы жүргізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 желтоқсаннан бастап «Заң және тәртіп» бағыты аясында мектептер мен колледждерде «Qarjy Saqshysy» атты білім беру компьютерлік ойыны басталды. Бұл жоба 15 желтоқсанға дейін жалғасады және 10-11-сынып оқушылары мен колледж студенттерін қамтиды.
– Қатысушылар интерактивті форматта қаржы пирамидалары, дропперлік, әлеуметтік инженерия сияқты алаяқтықтың кең таралған түрлерімен танысады, сондай-ақ сандық гигиена негіздерін үйренеді. Балалар ойын барысында әртүрлі тапсырмаларды орындап, сұрақтарға жауап береді және ұпай жинайды, – делінген хабарламада.
Департаментте атап өткендей, бұл ойын Minecraft немесе Roblox сияқты танымал ойындармен бәсекелесуді көздемейді.
– Оның басты міндеті – жастарды нақты өмірде қаржылық тәуекелдер туындаған жағдайда дұрыс шешім қабылдауға үйрету. Ойынның негізгі қағидасы: алаяқтықты таңдау жеңіліс, ал одан бас тарту ұпай әкеледі, – деп түсіндірді мамандар.
«Qarjy Saqshysy» жобасы AML Academy және ҚР Қаржылық мониторингі агенттігімен ҚР Оқу-ағарту Министрлігінің қолдауымен әзірленген. Бұл тәуекелдер жастарға көбірек әсер ететіндіктен, оларды алдын алу және цифрлық ортада қауіпсіз мінез-құлықты сақтауға үйрету өте маңызды.
Қазіргі уақытта өңірдің барлық жалпы білім беретін мектептері мен колледждерінде 15 мыңнан астам оқушы мен студент «Qarjy Saqshysy» компьютерлік ойынына қатысуда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.