Астаналық театр Павлодарға келеді

Астаналық театр Павлодарға келеді
Фото: Константин Шелков

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыка-драма театры Павлодар көрермендеріне ерекше қойылым ұсынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2025 жылдың 8 ақпан күні театр ұжымы Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының сахнасында екі ерекше қойылымды сахналайды. Атап айтқанда, сағат 12:00-де балаларға арналған «Ертегі түннің әуені» классикалық ертегілер жиынтығы және 19:00-де «Qalleki» театр лабораториясының «Кешкі 7» спектакль-концертін көрермен назарына ұсынады.

Ертегі түннің әуені – бұл әлемге әйгілі классикалық ертегілердің үзінділерін сахналаған ерекше қойылым. Кішкентай көрермендер Г.Х. Андерсеннің «Ұсқынсыз үйрек» және «Бұршақ үстіндегі ханшайым», Э.Т.А. Гофманның «Шақылдақ» ертегісі, сондай-ақ үнді халық ертегісі «Алтын антилопа» сияқты танымал шығармаларға саяхат жасайды.

Қойылымда ертегілер музыка, хореография және көркем декорация арқылы өмірге келіп, балалардың қиялын дамытып, олардың классикалық өнерге деген қызығушылығын арттырады. 

Қоюшы режиссер – Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Олжас Дәлелхан. Аударған – Шах-Мұрат Ордабаев, Мирас Әбіл. 

– Бұл ерекше қойылымда музыкалық ансамбльдің сүйемелдеуімен әлемдік хиттер мен классикалық музыканың әуені арқылы әртүрлі ертегілер баяндалады. Шығарма балаларды ертегінің сиқырлы әлеміне жетелей отырып, олардың қиялын дамытып, ой-өрісін кеңейтеді. Сонымен қатар, қойылым музыкалық талғамды шыңдауға үлкен үлес қосады, себебі балалар танымал әуендер мен классикалық шығармаларды тыңдау арқылы өнерді тереңірек түсіне бастайды. Сан алуан кейіпкерлер мен әуезді әуендер көрермендерді баурап алып, ертегіден алынған құндылықтарды өмірмен байланыстыруға мүмкіндік береді, – деді Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыка-драма театрында. 

Сонымен қатар, «Кешкі 7» атты спектакль-концерт –  бұл жаңа бағыттағы ерекше қойылым жанды дауыстағы әндер мен музыканың, театр өнерінің үйлесімінен туған. Көрерменге ерекше эстетикалық әсер сыйлайтын бұл қойылымның қоюшы режиссері – Бәзіл Сұлтанғазы, қоюшы суретшісі – Шынар Елембаева, хормейстері – Ержан Сансызбаев. 

Спектакльде театрдың жас актерлерінен құралған ансамбль өнер көрсетеді. Олардың орындауындағы музыкалық және поэзиялық композициялар көрермендерді өнер әлеміне жетелеп, жаңа әсер сыйлайды. Қойылымда ақын Салтанат Қайырбектің «Мен шаршадым-ау деймін…», «Сен…», «Ойлаушы ем өмірді білем деп», «Махаббат» атты өлеңдері оқылып, мазмұны музыкамен үйлесе отырып, ерекше мәнге ие болады.