Павлодарлықтар фискалдық чек арқылы автокөліктер мен бағалы сыйлықтар ұтып ала алады

Павлодарлықтар фискалдық чек арқылы автокөліктер мен бағалы сыйлықтар ұтып ала алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазақстанда Amian мобильді қосымшасы арқылы ойнатылатын республикалық акция басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бастама азаматтарды фискалдық чек алуға ынталандыруға, салық мәдениетін арттыруға және көлеңкелі экономиканы төмендетуге бағытталған.

Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, акция Business Go цифрлық платформасының Amian сервисінде өткізіледі. Жоба ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпараттық қолдауымен ұйымдастырылған.

Акция 2027 жылғы 30 сәуірге дейін жалғасады. Жалпы жүлде қоры 12 бағалы сыйлықтан тұрады. Оның ішінде алты автокөлік, екі смартфон, екі планшет және екі ноутбук бар. Автокөліктерді Astana Motors және Allur Auto компаниялары ұсынады.

Ұтыс ойыны алты кезең бойынша өткізіледі. Әр кезеңде екі жеңімпаз анықталады: бірі сатып алушылар арасынан, екіншісі кәсіпкерлер арасынан. Алғашқы кезеңде смартфондар ойнатылса, кейінгі кезеңдерде автокөліктер, планшеттер мен ноутбуктер сарапқа салынады. Соңғы ұтыс ойыны 2027 жылғы 1 мамырда өтеді.

– Сатып алушылар алдымен Amian мобильді қосымшасына тіркеліп, жеке басын растауы қажет. Одан кейін акцияға қатысатын кәсіпкерден кемінде 1 000 теңгеге сауда жасап, фискалдық чек алуы керек. Чектің QR-кодын сатып алған сәттен бастап 24 сағат ішінде қосымша арқылы сканерлеу қажет, – деді департаментте. 

Әрбір сәтті тіркелген чек ұтыс ойынына бір мүмкіндік береді. Алайда күніне үш чектен артық тіркеуге болмайды. Акцияға қатысу тегін.

Ал кәсіпкерлер Business Go платформасындағы Amian Business сервисіне қосылып, әр кезеңде сатып алушыларға арналған жеңілдіктер, бонустар, кэшбэк немесе сыйлықтар түріндегі маркетингтік ұсыныстар ұйымдастыра алады.

Акцияның толық ережелерімен және оған қатысатын сауда орындарының тізімімен business.amianapp.kz/live/7?lang=ru сайты арқылы танысуға болады. Сондай-ақ 1432 нөміріне хабарласып, қажетті ақпарат алуға мүмкіндік бар.