«Ақсу» павлодарлық ойыншылармен келісім-шарттарды ұзартты
«Ақсу» футбол клубының Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Клуб баспасөз қызметінің хабарлауынша, Артем Попов, Михаил Голубничий, Жасұлан Қайыркенов, Тамерлан Ағыманов пен Мирас Тұрлыбек командада қалады. Оған қоса, Руслан Есімовпен келісімшарт жасалды. Ұлар Жақсыбаевпен де келісім-шарт ұзартылды.
Түркиядағы жиынға жақында Минскіде өткен «Даму кубогінде» U-17 Қазақстан құрамасында жасындай жарқылдап, команда голдарының басым бөлігін соққан Ілияс Әбіл де келіп қосылды.
- Бірінші жаттығу жақсы өтті, командада мені жақсы қабылдады, - дейді жас футболшы. – Өзімді көрсетуге мүмкіндік берген жаттықтырушыларға рахмет. Бұл мүмкіндікті пайдалануға тырысамын.
Команда болса, бірнеше жолдастық кездесу өткізіп үлгерді. Самараның «Крылья Советов» және украин «Ингулецімен» өткен матчтар тең аяқталды. Ресейліктермен 0:0 есебі тіркелсе, екінші ойында қос команда бір-бірінің қақпаларына екі-екіден гол соқты. Біздің командада Артур Мурза екі мәрте көзге түсті. Артур Мурза соңғы кездесуде де мергендік танытты. Осы жолы оның голы Латвияның «Лиепая» командасының екі голына лайықты жауап бола алмады – 1:2.
Бүгінде команда құрамы жартылай қорғаушылар Артур Мурза, Рамазан Оразов, Дінмұхамед Қараман, шабуылшы Луис Гедеш, қорғаушы Елдос Ахметовпен толыққаны, Тони Сильва мен Фэйт Обилор келісім-шартты ұзартқаны туралы ресми мәлімет бар. Марсель Исламқұлов, Лазар Зличич, Михаил Бакаев, Еркебұлан Тұңғышбаев, Асланбек Кәкімов пен Марлен Айманов керісінше, клубтан ұзады. Ғафуржан Сүйімбаев шымкенттік «Ордабасында» жаттығып жүр.
Естеріңізде болса, «Ақсу» ел чемпионатын қостанайлық «Тобылға» қарсы ойынмен бастайды. Матч 4-5 наурызда өтеді. Өз алаңында командамыз 9-10 наурызда алматылық «Қайратқа» қарсы өткізеді.
Фото: Ольга Бугаева