«Ертіс» футболшылары ұятқа қала жаздады

«Ертіс» футболшылары ұятқа қала жаздады
Фото: @ertis_fk

Қазақстанның футболдан Бірінші лигасының жетінші турында павлодарлықтар «Академия Оңтүстік» жігіттерін қабылдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Матч ең тәжірибелі деген футбол жанкүйерлерінің біраз жүйкесін жұқартқаны анық. Турнир кестесіндегі жағдай, бұрынғы бас бапкер Қайрат Нұрдәулетов кеткелі жалпы командадағы ішкі ахуал «Ертістің» жеңіске деген құлшынысын арттыруы керек еді. Алайда, ойын барысында кейбір ойыншылардың жеңіске деген жігері шамалы екендігі көрінді.

Әсіресе, Владимир Воменко өте нашар ойнады. Матч күні 30 жасқа келген футболшы «Оңтүстік» соққан екі голға жеке дара кінәлі - ол қарсыластарына ерекше оңайлықпен позициядан ұтылып, олардың еркін көсілуіне жол беріп жүрді. Соған қарамастан «Ертіс» жаттықтырушылары Владимир Воменконы матч соңына дейін ауыстырмай, оның ойынды соңына дейін өткізуіне мүмкіндік берді.

«Оңтүстік» жастары болса, керісінше, өте сауатты ойнады: шапшаң қимылдап, қорғаныстан шабуылға тез өтіп жүрді. Оңтүстік жігіттері «Ертістің» баяу қорғаушыларын қарсылас құрлы көрмей, алып денелі Нұралы Елеместі мүлдем елемеді. 79-нөмірлі форвард Мағжан Тоқтыбай жасыл майданда сынаптай сырғып, қорғаныстың саңылауларына еркін енді. Сол Мағжан Тоқтыбай есеп ашты.

«Ертіс» біраз есеңгіреп жүріп, тайм ортасына қарай ес жиды. Тамерлан Ағыманов жақсы ойнады. Ол хейтерлерінің үнін өшіріп, жанкүйерлерге бар өнерін танытуға тырысып бақты. Оған Анатолий Красотин ғана демеу болды. Сол екеуі бірте-бірте павлодарлық ойынын түзеп, қауіпті сәттер ұйымдастыра бастады. Солардың бірін Арман Смайылов кәдеге жаратты – 1:1.

Алайда үзілістен соң «Ертіс» енді шабуылды күшейтемін деп жүргенде «Оңтүстік» Владимир Воменконың тағы бір олқылығын пайдаланды. Тағы да сол Мағжан Тоқтыбай допты қабылдамастан алыстан Никита Калмыков қақпасынан саңылау тапты. Бас бапкер міндетін атқарушы Валерий Белгібаев ойыншылар алмастырып, комбинациялық ойынның орнына, тұрпайы шабуылға көшті. Бір қызығы, бұл нәтиже берді. Алғашында алаңға шыққан Руслан Есімов Бақтияр Төлеуовтің пасын пайдаланып, есеп ашса, матч соңында Руслан Есімов Руслан Рахметовке дәл пас шығарды. Бірақ соңғысы ұрымтал сәтте допты дәл «Оңтүстік» қақпашысына қарай бағыттап, гол соға алмады.

Нәтижесінде 2:2. «Ертіс» жағдайын одан сайын қиындатты. Бірінші орында 18 ұпаймен «Каспий», екінші орында 17 ұпаймен «Шахтер», а павлодарлықтар 15 ұпаймен үшінші сатыда келеді.

29 мамырда «Ертіс» Таразда ойнайды. 12 маусымда команда Павлодарда Ақтаудың «Каспиін» қабылдайды.