Ертіс өзені үстіндегі жаңа көпірдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Ертіс өзені үстіндегі жаңа көпірдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр
Фото: Амира Жартекей

Жұмыстар уақытылы аяқталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһарда бой көтеріп жатқан жаңа көпірдің құрылысы жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 2722 метр болатын төрт жолақты нысан – өңірдегі ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі.

Бүгінде алты тіректің құрылысы толық аяқталған. Қазір мамандар тіректер арасындағы аралық құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Жалпы жоба бойынша 19 мың текше метр бетон құю көзделсе, оның екі мыңнан астам текше метрі құйылып үлгерген. 

Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатыр.

– Бұл көпірдің құрылысы өңір үшін аса маңызды. Қазіргі таңда үлкен жұмыс атқарылды, нысанды салуда заманауи технологиялар қолданылуда. Біздің басты міндет – құрылысты сапалы әрі уақытында аяқтау. Жалпы, көпірдің ашылуын барша павлодарлықтар, қала маңынан өтетін жүргізушілер де күтіп отыр. Бүгінгі күнгі жағдай бойынша құрылыс жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін, – деді ол.

Қазір көлік қозғалысы ескі көпір арқылы жүзеге асуда. Ал жаңа көпір пайдалануға берілген соң, жол қозғалысы қайта ұйымдастырылады. Қала жақтан көпірге шығар тұста жаңа жол қиылысы салынып, бағдаршам орнатылады. 

Алдағы жоспарға сәйкес, қыркүйек айында көпірдің аралық құрылымдары толық біріктіріледі. Қазан айында асфальт-бетон жабыны төселіп, қарашада абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Желтоқсан айында көлік қозғалысын ашу жоспарланған.

Сондай-ақ, көпірге заманауи жарықтандыру жүйесі орнатылады. Бұл үшін Philips Lighting компаниясының 574 жарық шамы пайдаланылады. RGB жүйесі арқылы көпір түрлі түсті шамдармен безендіріледі. Оны басқару онлайн режимде жүзеге асады.

Жоба аясында жаяу жүргіншілерге арналған жолдар да қарастырылған. Ал ескі көпірді бұзу жұмыстары келесі жылға жоспарланып отыр. Сонымен бірге, кесілген ағаштардың орнына  жас көшеттерді отырғызу көзделген.