Павлодар облысы санитарлық көлікпен қамтамасыз етілді
Республика күні қарсаңында көліктерді бірден тоғыз ауданның ауруханаларына жеткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Аққулы, Ақтоғай, Баянауыл, Железин, Май, Тереңкөл, Успен, Павлодар және Шарбақты аудандарының, сондай-ақ Ақсу қаласының ауруханалары мен Қан орталығы жаңа санитарлық автокөліктердің кілттерін салтанатты түрде қабылдады.

Облыста 2023 жылдан бастап шалғай аудандардың медицина ұйымдары үшін санитариялық автокөліктер паркін кезең-кезеңімен жаңарту жобасы іске асырылып келді. Үш жыл ішінде санитарлық автокөліктермен қамтамасыз етілу деңгейі 51 пайыздан 100 пайызға дейін жеткізіліп, медициналық көмектің қолжетімділігі айтарлықтай артты.
Биыл толық аяқталған бұл ауқымды жобаның нәтижесінде жалпы сомасы 2,6 миллиард теңгеге 114 автокөлік сатып алынды. Оның ішінде 2025 жылы 895 миллион теңгеге 37 көлік алынған.

Жаңадан сатып алынған санитарлық автокөліктер заманауи талаптарға сай жабдықталған. Олар, әсіресе, пациенттерді тасымалдау кезінде жайлылық пен қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік беретін, сырғымалы механизмді функционалды зембілдермен жабдықталған. Бұл жаңалықтар медицина қызметкерлерінің де жұмыс жағдайын айтарлықтай жақсартуға септігін тигізеді.