Тереңкөл ауданында өткен ғасырда қаланған балабақша заманауи талапқа сай жөнделеді

Облыс әкімі Песчаное ауылындағы сәбилер бақшасының жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджет қаражатынан 259 миллион теңге бөлінген. Жобаны аяқтау ағымдағы жылдың 10 тамызына дейін жоспарланып отыр.
Тереңкөл ауданы білім бөлімінің басшысы Жайнат Билялованың айтуынша, бүгінгі күні ғимараттың шатырын жөндеу жұмыстары 40 пайызға аяқталған.
– Жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Жұмыскерлер өте жауапты. Оған қоса, аудандық мәслихаттың депутаттары жиі келеді, өзіміз де байқап отырамыз. Негізі жөндеу жұмыстарын аяқтау бойынша берілген мерзім 25 қазан еді, бірақ, тамыз айының бірінші онкүндігінде аяқтауды жоспарлап қойдық. Ішкі жұмысында бұзу аяқталды. Жылу беру жүйесі бойынша қажет материалдардың барлығы 100 пайыз әкелінді және сол жұмыстар басталып жатыр. Жаңа технологиямен өте сапалы істеп жатқандары байқалады, – дейді бөлім басшысы.
Бүгінгі күні абаттандыру жұмыстары толық аяқталған. «СтройКОм-ПВ» ЖШС мердігерлік ұйымының 25 өкілі тынбай еңбек етуде.
Айта кетейік, «Балдырған» сәбилер бақшасы 1976 жылы салынған. 2005 жылы қайта құру жұмыстары жүргізілген. Бүгінгі күні балабақшада 80 бала тәрбиеленуде. Ғимаратта алты жатын бөлме, музыка және дене шынықтыру залы, әдістемелік, логопед, қазақ тілі, психолог кабинеттері мен медициналық блок бар. 11 педагог қызмет атқарады.