Инсульт жас талғамайды: Павлодарлық дәрігер алғашқы белгілерін атады

Инсульт жас талғамайды: Павлодарлық дәрігер алғашқы белгілерін атады
Фото: РСК

Бұрын инсульт көбіне егде жастағы адамдарға тән ауру саналған. Алайда қазір 20-30 жастағы жастар арасында да бұл дерт жиі кездесіп отыр. Мамандар мұны зиянды әдеттер, жоғары қан қысымы, ұйқының бұзылуы және басқа да қауіп факторларымен байланыстырады. Павлодар облыстық кардиологиялық орталығының невролог дәрігері Ботакөз Түкенова инсульттің алғашқы белгілерін қалай тануға болатынын және одан қалай сақтану керектігін түсіндірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Инсульт – ми қан айналымының жедел бұзылуы салдарынан ми жасушаларының кенеттен зақымдануы. Оның ишемиялық және геморрагиялық деген екі негізгі түрі бар.

Ишемиялық инсульт қан тамырларының бітелуінен пайда болса, геморрагиялық инсульт қан тамыры жарылып, миға қан құйылған кезде болады.

Дәрігердің айтуынша, инсульттің алғашқы белгілерін дер кезінде байқау өте маңызды. Олардың қатарында ауыз бұрышының қисаюы, күлімдеген кезде беттің бір жағының қозғалмауы, тілдің күрмелуі, сөйлеудің бұзылуы, бір жақ қол немесе аяқтың ұюы мен әлсізденуі бар. Сондай-ақ, кенеттен басталған қатты бас ауруы, тепе-теңдіктің және қимыл үйлесімділігінің бұзылуы, қатты бас айналу, жүрек айну мен құсу да инсульттің белгісі болуы мүмкін. Кей жағдайда көру қабілеті де бұзылады.

– Осындай белгілер байқалса, дереу 103 нөміріне хабарласып, жедел жәрдем шақыру керек. Сонымен қатар, белгілердің нақты қай уақытта басталғанын есте сақтау маңызды. Бұл дәрігерлер үшін емдеу тактикасын анықтау да үлкен рөл атқарады. Инсульт кезінде алғашқы төрт жарым сағат терапевтік терезе деп аталады. Осы уақыт ішінде науқас ауруханаға жеткізіліп, қарсы көрсетілімдер болмаса, тромболизистік терапия жүргізіледі. Бұл – ишемиялық инсультті емдеудің негізгі әдістерінің бірі, – дейді невролог Ботакөз Түкенова.

Маманның сөзінше, кейбір науқастар белгілерді елемей, өздігінен басылады деп күтеді. Бір-екі сағаттан кейін ғана медициналық көмекке жүгінеді. Мұндай жағдайда емнің тиімділігіне әсер ететін маңызды уақыт өтіп кетуі мүмкін.

Бұрын инсульт 60-70 жастағы адамдарда жиі кездеседі деген түсінік болған. Алайда қазір 20-30 жастағы азаматтар арасында да бұл диагноз анықталып отыр.

Қауіп факторлары жас ерекшелігіне қарай аздап өзгеше болғанымен, ортақ себептері де бар. Олардың ішінде артериялық қан қысымының жоғары болуы, жүрек ырғағының бұзылуы, қант диабеті, артық салмақ, қандағы холестерин деңгейінің көтерілуі және қозғалыстың аздығы бар.

Жастар арасында темекі шегу, вейп қолдану, алкогольдік және энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтыну, есірткілік заттарды пайдалану, ұйқысыздық пен тұрақты күйзеліс те инсульт қаупін арттырады.

– Қазір жастар өздерін сау санап, дәрігерге қаралуды қажет деп есептемейді. Бірақ инсульт ешкімді жасына қарап таңдамайды. Кейде бұрын анықталмаған ауру да осы дерттің алғашқы белгісі болуы мүмкін. Мысалы, ангинамен ауырғаннан кейін жүрек қақпақшаларында қабыну дамуы ықтимал. Адам бұл мәселені бірнеше ай бойы білмей жүруі мүмкін. Ал инсультпен ауруханаға түскен кезде оның негізгі себебі жүрек қақпақшаларының зақымдануы екені анықталады, – дейді дәрігер.

Сондай-ақ, маман әйелдерге де ерекше сақ болуға кеңес береді. Құрамында эстроген бар кейбір гормоналды контрацептивтер тромб түзілу қаупін арттыруы мүмкін. Бұдан бөлек, антифосфолипидтік синдром сияқты қан ұю жүйесінің бұзылыстары да инсультке себеп болуы ықтимал.

Дәрігердің тәжірибесінде инсультке алып келетін негізгі себептердің бірі – артериялық гипертония. Әсіресе, диагнозы бар адамдардың дәрі-дәрмекті уақытылы қабылдамауы қауіпті.

– Жүрек ырғағы бұзылған, қант диабеті немесе гипертониясы бар науқастар дәрігер тағайындаған емді үзбеуі керек. Мысалы, қан қысымын төмендететін дәрілерді қысым көтерілген кезде ғана ішу дұрыс емес. Оларды күнделікті қабылдау қажет. Жүрек ырғағы бұзылған науқастарға тағайындалатын антикоагулянттарды да өз бетінше тоқтатуға болмайды. Бірнеше күн дәрісіз жүру тромб түзілу қаупін арттырады, – дейді маман.

Оның айтуынша, гипертония, қант диабеті, жүрек жеткіліксіздігі және инсульт диагнозы бойынша диспансерлік есепте тұрған науқастар тиісті дәрі-дәрмектерді емханалардан тегін ала алады. Ол үшін өз емдеуші дәрігеріне қаралып, қажетті есепке тұруы керек.

Ауылдық жерлерде де медициналық көмек көрсету жүйесі қарастырылған. Тұрғындар инсульт белгілерін байқаса, медициналық пунктке хабарласа алады. Медицина қызметкері жағдайды бағалап, жедел жәрдем шақырады. Қажет болған жағдайда аудандық және қалалық ауруханалармен байланыс орнатылады.

Маманның айтуынша, инсульттен кейінгі оңалту бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқы шаралар науқас ауруханаға түскен сәттен басталады. Екінші кезең алты айға дейінгі уақытта арнайы оңалту орталықтарында жалғасады. Үшінші кезең емхана деңгейінде жүргізіледі. Оның мақсаты – науқастың күнделікті өмірге бейімделіп, мүмкіндігінше өздігінен әрекет етуіне көмектесу.