Иса Байзақовтың жеке заттары павлодарлықтардың ерекше назарын аудартты

Ақын-композитор, әншінің музей қорындағы жеке заттары алғаш рет көрсетілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Орталық алаңда жұртшылыққа сирек таныстырылатын жәдігерлер көрмесі Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі тіккен «Бабалар сөзі» атты киіз үйінде ұйымдастырылды.
Музей қорының бас сақтаушысы Мейрамғали Есмұхановтың айтуынша, танымал тұлғалардың жеке заттары әдетте арнайы орында сақталады. Дегенмен, кей экспонаттар Наурыз мейрамына орай павлодарлықтардың назарына арнайы ұсынылды.
– Құнды жәдігерлердің қатарында Исаның жез табағы, қасығы, шәйнегі мен былғары әмияні бар. Ал Иса Байзақовтың қойындәптері зерттеуді қажет етеді. Себебі, араб қарпімен жазылған. Бұл шағын күнделік бұрын-cоңды қордан шығарылмаған. Өте жақсы сақталған. Өкінішке қарай, әзірге мазмұнынан бейхабармыз. Бұл жазбалар ақынның өлеңдері, ойлары болуы мүмкін. Шағын дәптерді қорымызға тұлғаның ұрпақтары тарту еткен еді, – дейді музей қызметкері.
Көрмеге танымал тұлғаның 1927 жылы жазылған «Алтай ертегілері» шығармасы бар. Шығарма араб қарпінде қолжазба түрінде сақтаулы.
Мамандардың айтуынша, бүгінде музей қорында 56 мынңнан астам жәдігер бар. Олардың 16 мыңы негізгі қорға тиесілі.