Ит – адамның досы: павлодарлық кинолог ит асырайтындарға арнайы кеңес берді
Көбіне адамдар үй жануарының бұйрыққа бағынбайтынына, айтқанын тыңдамайтынына шағымданады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Егер ит иесіне ырылдаса, тістеуге әрекеттенсе немесе агрессия танытса, оны күштеп жазалауға болмайды. Павлодардағы Қазақстандық ит спорты федерациясы филиалының жетекшісі Валентина Павлухинаның айтуынша, иттің жаңа иелері бірден кинологқа жүгініп, оған негізгі бұйрықтарды үйреткені дұрыс. Бұл жануардың көшеде өзін дұрыс ұстауына, адамдармен қарым-қатынас жасауына және иесін тыңдауына көмектеседі.

– Бір бұйрықты үйретуге бес минут жеткілікті. Кейде адамдар бұған таңғалады. Мысалы, бір қыз бізге ірі итін тұмылдырықпен алып келді. Иесінің айтуынша, жануар мүлде тыңдамайтын болған. Біраз жұмыс істегеннен кейін олар орталықтан тұмылдырықсыз шықты. Итпен дұрыс жұмыс істесеңіз, нәтиже болады, – дейді Валентина Павлухина.
Маманның сөзінше, жаттығу ұзақтығы иттің жасына байланысты. Күшіктерге 20 минут, ал алты айлық иттерге 30-40 минут жеткілікті. Ең бастысы – күн сайын немесе күнара тұрақты жаттығу жасау.
Сонымен қатар, ит дұрыс әрекет жасаған сайын оны мақтап, дәмді тағаммен ынталандыру қажет. Ал бұйрықты орындамаса, марапат берілмейді. Осылайша, жануар қай әрекетінің дұрыс және бұрыс екенін біртіндеп өзі түсінеді.

Кинологтың айтуынша, интернеттегі бейнесабақтар арқылы да итті үйретуге болады. Алайда әр жануардың мінезі мен қабылдау ерекшелігі әртүрлі болғандықтан, мұндай жаттығулардың нәтижесі кәсіби маманмен жұмыс істегендей болмауы мүмкін.
– Үй жануарын алу тек оған тамақ берумен шектелмейді. Иесі ветеринарлық қызмет, күтім, груминг және жаттығу шығындарын да алдын ала есептеуі керек, - деп толықтырды кинолог.
Қазіргі таңда кинологтың бір реттік сабағы 4000 теңгеден басталады. Кейбір орталықтарда бірнеше сабақтан тұратын абонементтер де бар. Бұл ретте Павлодар тұрғындары арасында белгілі бір ит тұқымын таңдауға қатысты нақты үрдіс жоқ.
Маманның пайымдауынша, жануар асырап алып, оларға қамқорлық танытатын жанашыр азаматтардың қатары бүгінде артып келеді.