«Zhas project»: Павлодарлық кәсіпкерлерге шағын гранттар табысталды

«Zhas project»: Павлодарлық кәсіпкерлерге шағын гранттар табысталды
Фото: автор

Аталмыш байқау өңірімізде екінші жыл қатарынан өткізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Жасыл ел» Павлодар штабы Жастар бастамаларын дамыту орталығында «Zhas project» шағын гранттар байқауының жеңімпаздарын марапаттады. 

Байқауды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен «Жасыл ел» облыстық штабы ұйымдастырды. 

— Барлық жобалар әртүрлі болғанымен, әлеуметтік осал топтарға арналған. Павлодар облысында шағын грант бойынша түскен 62 өтінім техникалық іріктеуден өтіп, 14 жеңімпаз анықталды. Алдағы уақытта грант иегерлері өз кәсіптерін бастай алады, — дейді «Жасыл ел» Павлодар штабының директоры Русана Самекова.

Оның айтуынша, 2000-нан аса өтінім түскен болатын. Павлодар штабы байқауды Ақмола облысында да өткізеді. Бұл әрбір кәсіпкер жұмысының негізгі бастамасы бола алады.

— Бұл жобаға қатысу армандарымның бірі еді. Ең алдымен, шағын кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік беріп, қолдау бергендеріңіз үшін алғысымды білдіремін, — дейді Павлодар қаласының жеңімпазы Ақбердинова Таисия.

Спикердің сөзінше, оның басты мақсаты —  мұқтаж балаларға көмектесу, балалардың дамуына мүмкіндік беру. Жеңімпаз балаларға арналған түзету кабинетін ашу бойынша грант иегері атанды. Аталмыш алаңда төрт жылдық жұмыс тәжірибесі бар. Қаржылай көмек балаларға арналған мектепалды даярлық, сондай-ақ, барлық дидактикалық материалдарға жұмсалады.

Айта кетейік, байқау әлеуметтік бағыттағы барлық жобаларды қамтиды. Грант алушылардың 1 000 000 теңге  қаражат түрінде қолдау алу мүмкіндігі бар.  Қаржылай көмек белгілі бір жоба үшін жабдықтармен қамтамасыз етіп, сатып алуға бағытталған.