Ақсуда қыздарға вейп сатқан тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Тексеру барысында заң бұзушының Instagram әлеуметтік желісі арқылы вейп сатқаны анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақсу қаласында рейдтік іс-шаралар барысында Әуезов көшесіндегі үйлердің бірінде ювеналды полиция тобының қызметкерлері кәмелетке толмағандарға электрондық тұтыну жүйесін – вейп сату фактісін анықтады.
– Шекпейтін өнімдердің, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіге қатысты келу туралы міндеттеме шарасы таңдалды, – деді Ақсу қаласы полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Айдар Сламбеков.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың маусым айында шекпейтін темекі өнімдерін, вейптерді, хош иістер мен сұйықтықтарды сатуға және таратуға, сондай-ақ оларды жарнамалауға тыйым салатын заң күшіне енді. Осыған байланысты ішкі істер органдары тыйым салынған шекпейтін бұйымдарды сату орындарын анықтау бойынша жұмыс жүргізуде.