Павлодарлықтар желтоқсаншыларды еске алды
Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Тәуелсіздік тұғыры» тақырыбында конференция өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жұмысты Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова ашты. Ол 1986 жылдың қысында Алматыда болған оқиғалардың маңыздылығын атап өтті. Ол қатысушыларды қаһармандар деп атап, ерліктері үшін алғысын білдірді.
– Тәуелсіздік – біздің қасиетті байлығымыз. Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында біздің Отанымыз азаттық алды, оны қорғау әрбір қазақстандықтың міндеті. Сол жылғы оқиғаларға әлі тарихи баға берілген жоқ. Сол кездегі батылдық пен шешімділігіңіз үшін сізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ, - деді ол.
Жиынға Желтоқсан оқиғасының қатысушылары қатысып, сол аязды Алматы күндерінен естеліктерімен бөлісті, сондай-ақ жастарды осы естелікті қастерлеп, тарихты зерделеуге шақырды. Мәселен, филология ғылымдарының кандидаты, Торайғыров университетінің профессоры Айман Зейнуллина тарихты жан-жақты насихаттау қажеттігін атап өтті.
- Тәуелсіздік – өте нәзік дүние, кезінде күшті болып көрінген Кеңес Одағы ыдырайды деп кім ойлаған, - деді ол. – Сондықтан егемендігімізді ұдайы нығайтып, батырларымызды ұлықтап, тарихты зерделеуіміз қажет. Жастар сол оқиғалардың шындығын білуі керек, кітаптар шығарылуы керек, фильмдер түсірілуі керек.
Басқа да пікірлер айтылды. Конференция барысында ақын Мизам Жұмаділов қатысушыларға өз шығармасынан жыр арнады.