Павлодар облысында кәсіпкерлер саны артып келеді
Бүгінде 55,8 мыңға жуық бизнес субъекті жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының м.а.Сағыныш Нұркимбаев хабарлады.
– Биыл жергілікті бюджеттен грантқа 82 миллион теңге бөлінді. Өткізілген конкурстың қорытындысы бойынша 132 өтінімнен комиссия 17 жобаны қаржыландыруға мақұлдады. Бұл жобалардың жалпы сомасы 81,2 миллион теңгені құрады,– деді Сағыныш Нұркимбаев.
Оның сөзінше, барлық кәсіпкерлердің өтінімдері Kezekte.kz. портал арқылы электрондық форматта қабылданды.
– Былтырғымен салыстырғанда шағын және орта бизнес субъектілердің саны 7 мыңға артты, яғни 15%-ға өсті, – деді спикер. – Конкурс кезінде жобаның инновациялық және шығармашылық бағыттарына көңіл бөлінеді. Яғни, аймақ бойынша осындай жобаны асыру мүмкін бе деген сияқты сұрақ туындайды. Ол үшін нарық пен мақсатты аудиторияны зерттеу керек.
Айта кетейік, Ұлттық жоба шеңберінде несиені пайыздық мөлшермен субсидиялау, «Даму» қоры арқылы кепілдендірілген несиелеу, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру сияқты жобалар бар.
– Биыл Ұлттық жобаны іске асыруға 14,3 миллиард теңге бөлінді, кемінде 324 жобаны қолдау жоспарлануда,– деді Сағыныш Нұркимбаев.
Сондай-ақ, биыл өндірістік инфрақұрылымды жүргізу құралы шеңберінде алты жоба бойынша коммуникациялар салу үшін 2,4 млрд теңге бөлінді.
– Бөлінген қаражат коммуникациялардың негізгі түрлерін салуға және қайта жаңартуға: сумен, электрмен, жылумен жабдықтауға бағытталуы мүмкін. Алайда өтінім берген кезде жоба 30%-ға дайын және де инвестиция көлемі коммуникация жүргізу құнынан екі есе артық болуы тиіс, – деп түсіндірді спикер.
Аталған грант алу үшін бизнес жоспар, оң нәтижемен сараптамасы бар жобалық-сметалық құжаттама және жер учаскелеріне құқық белгілейтін құжаттар керек.