Күту тізімінде тұрған екі павлодарлық донорлық бүйрек алды
Ота сәтті өтіп, асқынулар орын алған жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту әлі де өзекті мәселе болып отыр. Донорлар санының аздығы мен туыстардың бас тартуы трансплантация саласының дамуын тежеп келеді. Соған қарамастан, 2025 жыл Павлодар облысы үшін маңызды оқиғамен есте қалды – ұзақ уақыт бойы күту тізімінде тұрған екі павлодарлық азамат донорлық бүйрек алды.
Павлодар облысы бойынша трансплантация жөніндегі үйлестіруші Дмитрий Потеребухтың айтуынша, 2025 жылы өңірде 15 әлеуетті донор тіркелген.
– Әлеуетті донор – бұл ми өлімі диагнозы қойылған науқас. Өкінішке қарай, сол 15 жағдайдың тек біреуі ғана жүзеге асты. Себебі туыстар тарапынан келісім сирек беріледі, – дейді Дмитрий Потеребух.
Республика бойынша өткен жылы бар болғаны 18 актуалды донор тіркелген. Көптеген өңірлерде бір немесе екі ғана келісім алынған. Ал Павлодар облысында соңғы үш жыл қатарынан жыл сайын тек бір донор ғана тіркеліп келеді.
Ковидке дейінгі кезеңде, 2017-2018 жылдары, жылына төрт донорға дейін жеткен еді. Пандемия трансплантология саласына да кері әсерін тигізген.
2025 жылы өңір үшін ерекше жаңалық болды. Бір донордан алынған екі бүйрек павлодарлық реципиенттерге салынды.
– Бұл – 2012 жылдан бері алғаш рет Павлодар облысының тұрғындары қайтыс болған донордан орган алды деген сөз. Реципиенттердің бірі – ер адам, екіншісі – жас қыз. Ота сәтті өтіп, асқынулар орын алған жоқ. Қазіргі таңда олар гемодиализге мұқтаж емес, қалыпты өмір сүріп жатыр, – деді Дмитрий Потеребух.
Донорлық органдар Павлодар облысында алынып, Астанадан келген санитарлық авиация бригадалары арқылы тасымалданады. Арнайы тексерулерден кейін органдар тіндік және қан тобының сәйкестігіне қарай бөлінеді. Кей жағдайда туыстардың келісімі болғанымен, медициналық себептерге байланысты донорлық процесс тоқтатылуы мүмкін.
Қазіргі таңда Павлодар облысында трансплантацияны күту тізімінде 213 пациент бар. Оның ішінде бүйрек трансплантациясына мұқтаж екі бала және бауыр трансплантациясын қажет ететін тағы екі бала бар. Балалардың жасы – шамамен 8-10 жас.
Жалпы республика бойынша 2025 жылдың соңында трансплантацияны күту тізімінде 4 508 адам тіркелген. Ал eGov жүйесінде 13 мыңға жуық азамат қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген, 132 мыңнан астам адам ресми түрде бас тартқан. Павлодар облысында бұл көрсеткіш – 510 келісім және 7 232 бас тарту.
Мамандардың айтуынша, донорлық туралы қоғамдағы түсіндіру жұмыстары күшеймейінше, күту тізіміндегі науқастар саны азаймайды. Ал екі павлодарлықтың донорлық бүйрек алуы – бұл салада оң өзгерістердің бар екенін көрсететін маңызды мысал.