Павлодар облыстық балалар ауруханасында жаңа корпус салынады
Жоспарда аурухананы қайта құру ойластырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов шағым көп түсетін балалар ауруханасы қалай өзгеретінін және қандай жоспарлар бар екенін айтып берді.
– Жұқпалы аурулар және соматикалық корпустар арасында орналасатын облыстық балалар ауруханасының үшінші корпусын салу жоспарда бар. Триаж жүйесімен салынатын жаңа хирургиялық корпус арқылы аурухана кеңейтіледі, – деді басқарма басшысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.
Оның сөзінше, құрылысты бастау үшін жобалық-сметалық құжаттама дайын, тек мемлекеттік сараптамадан өту қажет. Жұмыстар 2024-2025 жылдарға жоспарланған.
– Жалпы, жұқпалы аурулар балалар ауруханасын қайта құру керек. Ал 2026 жылға дейінгі концепция бойынша облыста жаңа облыстық балалар ауруханасы салыну тиіс. Бірқа оған дейін біздегі бар нысандарды жөндейміз, – деді Айдар Сейітқазинов.
Айта кету керек, облыстық бюджет қаражатын үнемдеу шеңберінде денсаулық сақтау басқармасы облыстық балалар ауруханасына жиһазды жаңартуға 33 миллион 980 мың теңге көлемінде қаражат бөлді. Бұл қаржыға 275 төсек-орын, 185 тумба, 60 үстел, 240 орындық сатып алынды.