Күзгі айлық: Успендіктер ауқымды тазалық жұмыстарына дайындалуда

Күзгі айлық: Успендіктер ауқымды тазалық жұмыстарына дайындалуда
Фото: Константин Шелков

Сенбілікке халықтың үлкені де, кішісі де қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аудандық әкімдік мамандарының мәліметінше, республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында аудан елді мекендерін абаттандыру және санитарлық тазалау бойынша күзгі айлық өткізу жоспарланған.

– Айлық аясында шамамен үш мың жасыл желек – қарағай мен қайың отырғызу, 20 ескерткіш маңын тазалау, елді мекендер аумағындағы 11 400 шаршы метрлік аумақты жинау және 6 800 тоннаға жуық қоқыс шығару көзделіп отыр, – деп хабарлады аудан әкімдігінен.

Шаралардың сапалы өтуі үшін белсенділер қажетті құрал-жабдықтар, автокөлік, арнайы техника және басқа да ресурстармен қамтамасыз етіледі. Айлық пен сенбіліктердің барысы жауапты мамандардың тұрақты бақылауында болады.

– Аудан бойынша 3 000-нан астам адам, 210 ұйым және 36 техника бірлігі жұмылдырылмақ. Аудан орталығының аумағы мекемелер мен кәсіпорындар арасында бөлінді. Успен ауылы 18 секторға бөлінді, ал ұйымдардың міндеттерін үйлестіру қызметкерлер саны мен әр сектордағы жұмыс көлеміне қарай жүргізілді, – деп түсіндірді әкімдік мамандары.

Айта кетейік, биыл ауданда жалпы сомасы 31 миллион теңгеден асатын төрт абаттандыру жобасы толық аяқталды. Ковалёвка ауылында құны бес миллион теңгеден асатын воркаут алаңы орнатылды. Осындай алаң Равнополь ауылында да пайда болды. Қаратай ауылында жаяу жүргіншілер жолы салынды. Ең ауқымды жоба Қызылағаш ауылында жүзеге асырылды, мұнда шағын футбол алаңы мен воркаут алаңы салынды. Барлық нысандар пайдалануға дайын және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.