Көмір өндіруші екібастұздық жанұя облыстың үлгілі отбасылар көшін бастады

Әулеттің төрт баласы да «Богатырь Көмір» ұйымында қызмет етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыста өткен «Мерейлі отбасы» жарысында Екібастұз қаласынан бақ сынаған Тұрсынбаевтар жанұясы бірінші орынды иеленді. Сейфолла және Айгүл Тұрсынбаевтардың отау құрғандарына 40 жыл болды. Осы уақыт ішінде олар бір-біріне тірек болып, берік отбасын құрып, ұрпақ тәрбиелеп, елге сыйлы, үлгілі әулетке айналды.
– Екі ұл және екі қыз тәрбиеледік. Олардың барлығы біздің жолды қуып, «Богатырь Көмір» мекемесінде жұмыс істеуде. Үлкен ұлым Фарид менің жолымды қуып, тартқыш агрегаттың көмекші машинисі болып жұмыс істейді. Екінші ұлым Руслан – кәсіпкер, еңбек жолын локомотивтерді жөндеу және тексеру темір ұстасы болып бастап, қазір тартқыш агрегаттың көмекшісі ретінде қызмет етуде, – деді Сейфолла Тұрсынбаев.
Сейфолла Тұрсынбаев – теміржол саласында еңбек еткен ардагер, «Богатырь Көмір» ЖШС компаниясында 47 жыл бойы үздіксіз қызмет атқарып келеді. Ол еңбек жолын «Октябрьская» подвижной состав депосында бастады. Уақыт өте келе – депо бастығы, бас технолог сынды жауапты лауазымдарды атқарып, кәсіби біліктілігімен ұжымының алғысына бөленді.
– Жұбайым ұйымдағы зейнеткерлерге арналған қоғамдық қорының басшысының орынбасары болып жұмыс істейді. Үлкен қызым ұйымда кадр қызметшісі, кішкентайым енді ғана университет аяқтады, – деп толықтырды отағасы.
Сейфолланың серігі Айгүл Тұрсынбаеваның сөзінше, үлгілі отбасы болу үшін өзара сыйластық қарым-қатынасты орнату керек.
– Жанұямызда кішіге ізет, үлкенге құрмет қағидасы бар. Сонымен қатар, «бәріміз – біріміз үшін, біріміз – бәріміз үшін» деген ұранды басшылық етеміз. Егер де отбасының бір мүшесі бір жаққа, екіншісі өзге жаққа тартса онда жанұя шайқалады, – деді Айгүл Тұрсынбаева.
Еске сала кетейік, облысымызда он үш отбасы мерейлі жанұялар қатарына енді. Оларға арнайы Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.