Павлодарда алимент бойынша берешегі бар борышкердің бас бостандығы шектелді

Павлодарда алимент бойынша берешегі бар борышкердің бас бостандығы шектелді
Фото ашық дереккөзден

Оның 2016 жылдан бері кәмелет жасына толмаған балаларды асырау үшін беретін қарызы 7 млн теңгеден асқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының мәлімдеуінше, қарызды мәжбүрлеп төлету мақсатында Павлодар облысының жеке сот орындаушысы барлық шараларды қолдана отырып, оны бірнеше рет сотқа шақырып, берешекті өтеу қажеттігі туралы ескерткен. Алайда, ол жеке сот орындаушысының алимент бойынша берешекті өтеу қажеттілігі туралы талаптарын елемеген.

Осыдан кейін жеке сот орындаушысы Павлодар облысының Әділет департаментіне борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс жасаған.

- Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен борышкер 2 (екі) тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынады. Алайда, өткен жазадан кейін борышкер әкелік міндетін тағы да орындамаған, - делінген хабарламада.

Борышкердің сот актісінен қасақана жалтару мен орындамауын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 139-бабы бойынша оны қылмыстық жауапкершірікке тарту туралы ұсынысы енгізілді.

Павлодар облысының кәмелетке толмағандар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен, әке  Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 139-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Бұдан бөлек, жазаны өтеудің барлық мерзімі ішінде 100 (жүз) сағат мәжбүрлі түрде қоғамдық еңбекке тартылады. 

Үкім 2023 жылдың 6 наурызында заңды күшіне енді.