Павлодар облысында үлгілі отбасылар анықталды

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының өңірлік кезеңіне келіп түскен жиырма алты өтінімнің ішінде он үш отбасы ақтық мәреге жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шараны облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова құттықтау сөзімен бастады. Оның сөзінше, бүгін марапатталған барлық отбасы көпшілікке үлгі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда атап өткендей, отбасы институтын нығайту – әлеуметтік тұрақтылық пен дамудың басты кепілі. Бүгінгі отбасылар – осы идеяны іс жүзінде көрсете білген үлгілі шаңырақтардың бірі. Мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуіне баға жетпес үлес қосып, мықты отбасы құрып, үлгілі ұрпақ тәрбиелегендеріңіз үшін сіздерге алғысымды білдіремін, – деді Айгүл Мәлікова.
Үздіктердің қатарында Ертіс ауданынан келген Беспаевтар отбасы бар. Екі ұстаз – Жанат пен Анар Беспаевтар бір қыз бен екі ұл тәрбиелеп отыр. Олардың отау құрғанына 28 жыл болды. Жанұя жарысқа бірінші рет қатысып тұрса да, биік жетістікке жете алды. Отбасы мүшелерінің сөзінше, сыйластық пен махаббат ақтық мәреге жетуге көмектесті.
– Жарысқа қатысу арқылы отбасымызды жаңа қырынан таныдық. Балаларымыздың жетістіктері көп екенін білгенбіз, алайда сайысқа дайындалғанда бір үлкен папка болатынын күтпедік, – деді Жанат Беспаев.
Жанат Беспаевтің айтуынша, олар жұбайымен бала тәрбиесіне қатты назар аударады.
– Күні бойы мектепте өзге балаларға тәрбие үйретеміз. Үйдегі балаларға да көңіл аударамыз, оларды қатарластарынан қалдырмауға тырысамыз, – деді Беспаевтар жанұясы.
Сайыс қорытындысы бойынша, бірінші орынды Екібастұз қаласынан келген Тұрсынбаевтар әулеті иеленіп, теледидар ұтып алды. Екінші орынды қаламыздың Кәрібаевтар отбасы алды. Оларға сыйлық ретінде ноутбук табысталды. Үшінші орынды Ертіс ауданынан келген Беспаевтар әулеті иеленіп, мұздатқыш ұтып алды.