Кедейлік шегінен төмен тұратын павлодарлықтарға АӘК алу үшін құжаттарын жаңартуды ұсынды
Құжаттарды қағаз түрінде де, электронды түрде де тапсыруға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, атаулы әлеуметтік көмек алушылар Қазақстан Республикасының азаматтары немесе Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтығы жоқ босқындар, қандастар болып табылады.
Павлодар облысында кедейлік шегі 33 мың 801 теңгені құрайды.
– Құрметті АӘК алушылар 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап 3 тоқсанға құжаттарды жаңарту басталды, – делінген хабарламада.
АӘК мөлшері жан басына шаққандағы отбасының орташа табысы мен кедейлік шегі арасындағы айырмашылық ретінде есептеледі.
Құжаттарды egov.kz сайты арқылы немесе Бектұров көшесі, 115 мекен жайы бойынша орналасқан қалалық Мансап орталығына тапсыруға болады.