Павлодар облысында су тасқынына қарсы сегіз учаске бақылауға алынды

Павлодар облысында су тасқынына қарсы сегіз учаске бақылауға алынды
Фото: Баспасөз қызметі

Олар — Павлодар, Ақтоғай, Железин, Успен, Ертіс және Тереңкөл аудандары деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, аталмыш іс-шараға қарсы 446 адам, 98  техника, 85 мотопомпа, екі жүзу құралы жұмылдырылды. Су тасқыны басталғаннан бері қардың еруі мен қатты нөсер жаңбырдың салдарынан он сегіз тұрғын үй (сексен сегіз тұрғын) су астында қалды. Қазіргі уақытта Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылында, Успен ауданының Успен және Вознесенка ауылдарында, Аққулы ауданының Қазы ауылында бес үйден су шығарылды, он үш үйде жұмыстар жалғасуда.

Сондай-ақ, барлық зардап шеккендерге уақытылы әлеуметтік және материалдық көмек көрсетіледі.
Бұдан бөлек, 30 наурызда ТЖД күшімен Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылынан екі отбасы (тоғыз адам) көшірілді. Олар уақытша туыстарының үйлерінде тұратын болады.
Айта кетейік, су тасқыны жағдайының бақылаудан шығуына жол бермеу мақсатында өңірде тәулік бойы жұмыс істейтін облыстық штаб құрылды. Тіршілікті қамтамасыз ету нысандарында апаттар тіркелген жоқ. Үш тәулік ішінде 160 мың текше метрден астам еріген су сорылды, 3,5 мың тонна инертті материал төгілді, 6 мыңға жуық қап төселді.


Алдағы уақытта су тасқынына қарсы іс-шаралар бойынша барлық шешімдер облыс әкімінің басшылығымен жедел штабта қабылданады.
Еске салайық, кеше өңір басшысы Ақтоғай және Ертіс аудандарында барып, жұмыс барысын, техника мен құралдардың болуын тексерді. Бүгін облыс әкімі Успен ауданында.