Келесі жылы Тереңкөл ауданының екі ауылында өмір сапасы жақсарады

Келесі жылы Тереңкөл ауданының екі ауылында өмір сапасы жақсарады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл мақсатқа 1 миллиард 797 миллион теңге бөлінеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Биыл Тереңкөл ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Калиновка және Береговое ауылдарын көркейту жұмыстары атқарылды. Калиновка ауылында мектеп, дәрігерлік пунктіне күрделі жөндеу, ауылдық мәдениет үйіне жөндеу, көшелерді жарықтандыру, ауыл ішіндегі жолдарды орташа жөндеу, шағын футбол, спорт алаңын және балалар алаңын жабдықтау жұмыстары аяқталды. Оған республикалық, облыстық, аудандық бюджеттен бір миллиард теңгеге жуық қаражат бөлініп, игерілді. Береговое ауылында бір жоба ғана іске асырылуда. Бұл туралы аудан әкімі Азамат Маңғұтов мәлім етті. 

– Ал жыл соңына дейін Береговое ауылында 374 миллион теңге сомасына мәдениет үйін қайта құру көзделген. Күнде барып, жұмыс барысын қадағалаймыз. Барлық сыртқы жұмыстары аяқталып, жылу берілді. Ішкі жұмыстардан қабырғаларды ақтау ғана қалды. Екі аптаға жуық қалған жұмыстар аяқталуы қажет, – деді Азамат Маңғұтов.

Оның сөзінше, 2025 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламаның жоспарында екі ауыл тұр – Песчаное және Ивановка. Жалпы сомасы 1 миллиард 797 миллион теңгеге жеті жоба қолдауын тапты. Білім беру саласында екі ауылдың мектептері күрделі жөндеуден өтеді. 

– Мәдениет және спорт саласында 302 миллион теңгеге Ивановка ауылының мәдениет үйінің күрделі жөндеуі және 696 миллион теңгеге Песчаное ауылында мәдениет үйін салу жоспарланған, – деп атап өтті аудан әкімі. 

Песчаное ауылында 101 миллион теңге сомасына жарықтандыру құрылысы жоспарлануда. Ал демеушілік қаражат есебінен 10 миллион теңгеге көше жарығын орнату жобасы жоспарлануда. 

Аудандық бюджеттен Ивановка ауылында шағын футбол алаңын абаттандыру үшін 18 миллион теңге қарастырылған. Сондай-ақ, Ивановка кентішілік жолдарға 139 миллион теңге сомасына және Песчаное ауылында 213 миллион теңгеге жөндеу жүргізу көзделген.