Павлодарда технологиялық роботтандырылған зауыт салу көзделіп отыр
Өндірісті 2024 жылы іске қосу жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы Асайын Байханов әлеуетті инвесторлармен - «Еуразия механикалық зауыты» ЖШС және испандық «Nicolas Correa S.A.» компаниясының өкілдерімен кездесті
«Еуразия механикалық зауыты» ЖШС өңірде металл бұйымдарын өңдейтін жоғары технологиялық роботтандырылған зауыт салуға және фрезерлік станоктар шығаруға ниетті. Кәсіпорын электр станцияларының турбиналарына, карьерлік экскаваторларға, бұрғылау жабдықтарына арналған бөлшектерді және теміржол дөңгелектерін өндіруді жоспарлап отыр. Инвестициялардың көлемі - 7,3 миллиард теңге, қуаты жылына тоғыз мыңға дейін өнім мүмкіндік береді. Өндірісті 2024 жылы іске қосу жоспарлануда.
Облыс әкімі бұл жоба іске асатын болса, өңірдің экспорттық қоржынын кеңейтіп, тұрғындар үшін 60-тан астам тұрақты жұмыс орны құрылатынына сенім білдірді.
– Дайын металл бұйымдарының өндірісі өңірдің кәсіпорындары тарапынан сұранысқа ие. Біз инвестициялық серіктестікті дамытуға мүдделіміз, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Кәсіпорынның серіктесі – испандық Nicolás Correa компаниясы фрезерлік станоктар бойынша Еуропадағы көшбасшылардың бірі және өнімдерін әлемнің 20-дан астам еліне экспорттайды.
Фото: Валерий Бугаев