Келесі жылы Павлодарда сумен жабдықтау және су бұру тарифтері төмендейді

Келесі жылы Павлодарда сумен жабдықтау және су бұру тарифтері төмендейді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл шешім 2026-2030 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама уәкілетті орган тарапынан бекітілмегеніне байланысты қабылданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Павлодар-Водоканал» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылғы 31 желтоқсандағы №560 бұйрыққа сәйкес, жаңа тарифтік сметалар қолданыстағы заңнама талаптарына сай бекітілді. Атап айтқанда, «Табиғи монополиялар туралы» Заңға сәйкес, инвестициялық бағдарламасы мақұлданбаған жағдайда тариф құрылымынан даму, амортизация және пайдаға бағытталған шығындар алынып тасталады. Осыған байланысты уәкілетті орган уақытша тарифтерді бекітуге міндетті.

Нәтижесінде, жеке есептеу құралдары бар тұтынушылар үшін ауызсудың 1 текше метрі ҚҚС-сыз 86,89 теңге болып белгіленді. Техникалық су үшін тариф 1 текше метріне 27,25 теңгені, ал сарқынды суларды бұру және тазарту қызметі жеке тұлғалар үшін 40,12 теңгені құрайды. Бұл көрсеткіштер өзге тұтынушылар мен бюджеттік ұйымдар үшін белгіленген орташа тарифтерден төмен.

Тұтынушылар тобы Ауызсу (орташа тариф – 191,48) Техникалық су (орташа тариф – 114,21) Кәріз жүйесі (орташа тариф – 128,66)
Жеке тұлғалар (тұрғындар) 86,89 ₸ 27,25 ₸ 40,12 ₸
Бюджеттік ұйымдар 852,1 ₸ 416,38 ₸
Өзге тұтынушылар 317,03 ₸ 116,14 ₸ 323,98 ₸

Қазіргі уақытта «Павлодар-Водоканал» ЖШС Табиғи монополияларды реттеу комитетінің аумақтық департаментіне қарсы сотқа талап арыз түсірді. Кәсіпорын инвестициялық бағдарламаны бекітуден бас тарту туралы шешімді заңсыз деп тануды сұрап отыр. Сот шешіміне байланысты қолданыстағы тарифтер қайта қаралуы мүмкін.

Қала тұрғындары үшін тарифтердің төмендеуі уақытша сипатқа ие. Тариф саясатына қатысты түпкілікті шешім сот талқылауы аяқталғаннан кейін қабылданатын болады.