Павлодарлықтар ойын-сауық орталығында Әнұранды орындады

Павлодарлықтар ойын-сауық орталығында Әнұранды орындады
Фото: Константин Шелков

Акция бос жұмыс орындар жәрмеңкесі аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Batyr mall ойын-сауық орталығында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңке барысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті, төтенше жағдайлар департаменті, зауыттар және тағы басқа түрлі кәсіпорындар бос жұмыс орындарын ұсынды. 

– Республика күніне орай ойын-сауық орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыруды жөн көрдік. Себебі, бұл орында адамдар көп жиналады. Жәрмеңкеге келген 30-ға жуық ұжым өздерінің бос жұмыс орындарын ұсынуда, – дейді жастар бастамаларын дамыту орталығы жастармен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Жандарбек Қабдраш. 

Ұйымдастырушылар жәрмеңке аясында айтулы мерекеге орай Әнұранды қосып, акцияға атсалысты. 

– Бұл акция Республика күні қарсаңында ұйымдастырылуда. Күні кеше Екібастұз қаласы акцияны қолдап, өздерінің ойын-сауық орталығының бірінде Әнұранды орындаған болатын. Біз де аталмыш іс-шарадан тыс қалмадық, – дейді жастар бастамаларын дамыту орталығы басшысының міндетін атқарушы Ризат Рахимжанов. 

Еске сала кетейік, волейболшылар Республика күніне арналған акцияны қолдап, мереке қарсаңында турнир өткізді.