Павлодарда ретроавтокөліктер қалай жандандырылады?
Студенттер автокөліктер мен мотоциклдердің кейбір модельдерін 3D модельдеу арқылы компьютерлік бағдарламада сызады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Торайгыров университеті қабырғасында ретротехниканы қалпына келтіру «Альтенсур» студенттік ғылыми-техникалық үйірмесі үш жыл бұрын құрылған. Оған 20-30 студент қатысып, білімдерін практика жүзінде шыңдап, қалпына келтіру жұмыстарымен айналысады. Қазіргі таңда 20 шақты автокөлік пен мотоциклді қалпына келтірген. Оған қоса, кафедра меншігінде жылы бокс бар.
– Бірінші курстан бастап үйірмеге студенттерімізді апарамыз. Қызығушылық танытқандарды қалдырып, үйретеміз. Бірінші автокөліктің құрылысынан бастаймыз. Көбінесе ауылдың балалары қызығушылық танытады. Ескі көлік түрлерінің бәрін біледі. Бізден де жақсы білетін студенттер болады. Кейде олардан да ақыл сұраймыз. Оқумен қатар, шығармашылық жұмыстармен айналысқандары болашақта жұмыс істегенде пайдасына тиеді деген сенімдеміз, – деді инженерия факультетінің ғылым жұмысы бойынша орынбасары Ансаған Дүйсенбайұлы.
Үйірме жетекшіс Рамис Зарипов бірінші курста үйірмеге келген бала мен төртінші жыл үйірмеге қатысып жүрген балалардың айырмашылығы үлкен екенін алға тартты. Өйткені практикалық жұмыстар жасағанда білім шыңдала түседі. Яғни олар өздігінен көлікті бұзып, қайта жинай алады.
Материалдар мен ғимарат бойынша үйірмеге университет көмек көрсетеді. Ескі көліктерді үйірме қатысушылары жарнамаларды бақылып отырып, сатып алады. Әдетте, ретрокөліктердің бағасы 50-90 мың теңгені құрайды. Мысалы, «Запарожец» автокөлігін Петропавл қаласынан 90 мың теңгеге сатып алған. Қалған көліктер облыс аумағынан табылған.
Сонымен қатар, студенттердің жеке жобалары да бар. Атап айтқанда, үйірме қатысушылары толығымен электр мотоциклді өздері жинаған.
– Студенттеріміз оны толығымен қалпына келтіріп, поршеньдік топты электробөлшектерге ауыстырды. Яғни, ол қазір экологиялық таза. Бір қуатталғаннан кейін үш сағат үздіксіз жүре алады және жолсыз жерлерде жүруге жарамды. Бұл жоба бойынша студенттер патент алды, мақалалар жазды және жақын арада осы жоба бойынша дипломдық жұмыс қорғайды, – деді Ансаған Дүйсенбайұлы.
Сондай-ақ, білім алушылар 3D модельдеу деген сабақта электробайктың конструкциясын компьютерлік бағдарламада сызып шыққан. Одан кейін сол сызбаларға сүйеніп, металдан конструкциясын жасаған.
– Кейін доңғалақ, электр батарейлар сатып алып, рөлдік жүйесін жасадық. Бұл – бізде ең бірінші жасалған автомобильдердің бірі. Студенттердің ғылыми жобалары аясында жасалған автокөлік. Негізі біз үйірмеде тек автокөліктер шығарамыз деп ойладық. Кейін мотоциклдарға қызығатын бір студентіміз идея тастап, өзі мотоцикл құрастырғысы келетінін айтты. Оны бәріміз қолдадық, – деді спикер.
Айта кетейік, Торайғыров университетінде ретроавтобильдер мен мотоциклдер көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде кеңес дәуіріндегі автомобильдер мен мотоциклдердің 10-нан астам моделі, сондай-ақ инженерия факультетінің студенттері мен магистранттарының алты жеке әзірлемесі ұсынылды.