«Сұлулық инъекцияларына» жүгінбес бұрын нені ескеру керек
Кейінгі жылдары арнайы дәрілік препараттардың негізінде инъекциялық ем-шаралар қолданылатын ботулинотерапия (ботокс) ем-шарасы кеңінен сұранысқа ие болды. Бұл «сұлулық инъекциялары» терінің патологиялық өзгерістерін жасарту және жою мақсатында экстетикалық медицинада жиі қолданылады, деп хабарлады ҚазАқпарат Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алайда косметологиялық клиникаларға барған кезде барлығы ботокстың жарамдылық мерзіміне және ең бастысы Қазақстанда осы құралдың тіркелгеніне назар аудармайды.
Бүгінгі күні дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізіліміне сәйкес ҚР-да ботулинотерапияда қолдануға арналған 12 дәрілік зат тіркелген. Олар дәрігердің рецепті бойынша қатаң түрде беріледі.
Қазақстан Республикасы заңнамасында рецепт бойынша дәрілік заттарды рецептсіз сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгенін айта кету керек. Дәрілік заттардың заңсыз айналымы үшін тек әкімшілік қана емес, сонымен қатар қылмыстық жауапкершілік те көзделген.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі инъекцияларды өз бетінше енгізбеуге, тек қана сертификатталған мамандардың қызметтерін пайдалануға және елімізде тіркелген, дәрігердің рецепті бойынша жазылған дәрілік заттарды ғана сатып алуға кеңес береді.