Хасар Хабылбеков мектепте зардап шеккен оқушының отбасына барды
Ол оқиғаның қайталануын болдырмау үшін шаралар кешенін жүзеге асырмақшы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы қала әкімі өзінің ресми «Instagram» парақшасында мәлімдеді.
– Бүгінгі №14 орта мектепте болған оқиғаға қала әкімі ғана емес, екі оқушының әкесі ретінде де үнсіз қала алмадым. Оқиға болған жерде болдым, мектеп басшылығымен, мұғалімдермен сөйлестім. Зардап шеккен балаға барып, оның тезірек сауығып кетуін тілеп, қандай көмек қажет екенін білдім, – деді ол.
Қала басшысы 14 сәуір күні Павлодар мектептеріндегі қауіпсіздік мәселелері бойынша үлкен жиналыс өткізуді жоспарлауда.
– Біз болған оқиғаның қайталануын болдырмауға мүмкіндік беретін шаралар кешенін келісіп, жедел жүзеге асырамыз деп үміттенемін. Павлодарлық ата-аналар білім беру ұйымдарының қабырғасында балаларының өмірі мен денсаулығына ештеңе қауіп төндірмейтініне сенімді болуы тиіс, – деп тіл қатты Хасар Хабылбеков.
Сонымен қатар, облыстық білім беру басқармасы оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді.
– Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мен өңірлік білім басқармасы тарапынан оқушыларға қажетті психологиялық көмек көрсетілетін болады. Комитет төрағасы зардап шеккен баланың анасымен және мұғаліммен байланыста, – деді басқармада.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қорытындысы бойынша облыстың білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесін күшейту және Павлодар қаласындағы №14 мектеп басшылығына қатысты жауапкершілік шараларын қарастыру туралы шешім қабылданды.
Естеріңізге сала кетейік, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп, амбулаторлық ем тағайындалды. Олардың өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ.