Павлодарда пышақ жарақатын алған мұғалім мен оқушының жағдайы белгілі болды
Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, 13 мамырда сағат 10:24-те екі адам зардап шеккені туралы хабарлама келіп түсті. Медициналық бригада оқиға орнына сегіз минутта жетті. Пышақ жарақатын алған 59 жастағы әйел №1 қалалық ауруханаға жеткізілсе, 16 жастағы оқушы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетілді.
– Оларды травматолог пен хирург қарап шықты. Жараларға асептикалық таңғыштар салынды. Мұғалімнің иығы мен кеудесі, ал оқушының арқасы, иығы мен жауырын жағы жарақаттанды,– деді департаментте. – Науқастардың жалпы жағдайы қанағаттанарлық, амбулаториялық емделуге жіберілді.Зардап шеккендердің өміріне қауіп жоқ.
Аталмыш жағдай Павлодар қаласының №14 орта мектебінде орын алды.
Еске сала кетейік, мектеп оқушысы өзінің сыныптасы мен мұғаліміне пышақ сұққан болатын. Облыстық полиция департаменті осы факті бойынша қылмыстық іс қозғады.