Киберқылмысқа қарсы департамент павлодарлықтарды сақ болуға шақырады
Әлеуметтік желілердегі танысу туралы жазбалар алаяқтық болуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ішкі істер министрлігінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті азаматтарды онлайн-танысу кезінде мұқият болуға және құқыққа қарсы әрекеттер фактілері туралы хабарлауға шақырады.
Әлеуметтік желілерде, әсіресе Threads платформасында «әйел іздеймін», «күйеу іздеймін», «салмақты қарым-қатынас іздеймін» деген мазмұндағы жарияланымдар жиі кездесуде. Мұндай жазбалардың артында шынайы қолданушылармен қатар алаяқтар да болуы мүмкін.
- Қаскөйлер өздерін тартымды қыз немесе жігіт ретінде таныстырып, белсенді түрде хат алмасуға шығады. Көңіл бөліп, қысқа уақыт ішінде сенімді қарым-қатынас орнатады. Уақыт өте келе әңгіме қаржылай көмек сұрауға ұласуы ықтимал, - дейді мамандар.
Департаменттегілер алаяқтық әрекеттер әдетте кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын айтып дабыл қағуда. Әккі қулар құрбанымен белсенді қарым-қатынас орнатып, эмоционалдық байланыс қалыптастыруды, өмірлік қиын жағдайлар туралы, ауруы мен кездейсоқ шығындар немесе тиімді инвестиция туралы әңгімеге тартуы, ақша аударуды сұрау, оның ішінде шетелдік криптоәмияндарға немесе үшінші тұлғаның есепшотын беруі мүмкін. Олар қаражат алынғаннан кейін байланысты үзіп, алданған адамда барлық жерден бұғаттауы ықтимал.
Егер әңгімелесуші ақша аударуды сұраса, бейнеқоңыраудан және жеке кездесуден жалтарса, басқа адамдарға тиесілі болуы мүмкін фотосуреттерді пайдаланса — сақ болу қажет.
Өңір тұрғындарына интернет арқылы танысқан адамдарға ақша және жеке деректерді бермеуге, жеке фотосуреттер жібермеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, әңгімелесушінің парақшасы мен мәліметтерін тексеруге және күмән туындаған жағдайда байланысты тоқтатуға кеңес беріледі.