Клопп Германия құрамасын тізгіндей ме? Неміс футболына жаңа серпін қажет
Бастысы – Германия футболына бүгін тек жаңа бапкер ғана емес, жаңа рух қажет, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Германия құрамасының бас бапкері қызметінен Юлиан Нагельсманның кетуінен кейін бұл орынға басты үміткерлердің бірі ретінде Юрген Клопптың есімі атала бастады. Неміс және халықаралық БАҚ-та тараған ақпаратқа сәйкес, қазіргі таңда Red Bull футбол жобасының жаһандық жетекшісі болып жүрген маманның келісімшартында Германия ұлттық құрамасы шақырса, қызметінен еш кедергісіз кетуге мүмкіндік беретін арнайы тармақ қарастырылған.
Бұл Клопптың ұлттық құраманы жаттықтыруды бұрыннан армандағанын аңғартатын белгі ретінде бағалануда.
Клопп былтыр «Ливерпульден» кеткен кезде ұзақ жылдар бойы күнделікті жоғары қысыммен жұмыс істеуден қатты шаршағанын жасырмаған еді. Кейін бірнеше рет клубтық бапкерлік қызметке қайта оралуды жоспарламайтынын, тіпті бұл мамандыққа мүлде қайтпауы да мүмкін екенін айтқан.
Алайда ұлттық құрамадағы жұмыс мүлде басқа формат. Мұнда күн сайынғы жаттығулар, аптасына бірнеше матч және тығыз клубтық кесте жоқ. Есесіне жауапкершілік өте жоғары, ал демалыс пен дайындыққа уақыт көбірек беріледі. Сондықтан дәл қазіргі кезеңдегі Клопп үшін Германия құрамасы ең қолайлы нұсқа болуы мүмкін.
Бастысы – Германия футболына бүгін тек жаңа бапкер ғана емес, жаңа рух қажет.
Соңғы жылдары төрт дүркін әлем чемпиондарының ойыны бұрынғы айбатын жоғалтты. Командада жеңіске деген мінез, қиын сәтте жігер таныту және жауапкершілікті өз мойнына алу қасиеті сирегендей әсер қалдырады. Мұның айқын көрінісі – маңызды матчтардың бірінде кейбір футболшылардың матчтан кейінгі пенальти сериясында алғашқы болып доп тебуден бас тартуы. Германия сияқты футбол мәдениеті қалыптасқан ел үшін мұндай көрініс жанкүйерлердің ғана емес, ардагерлердің де намысына тиетін жағдай.
Өйткені бұл – кезінде Юрген Клинсманн, Руди Фёллер, Карл-Хайнц Румменигге, Пауль Брайтнер, Томас Хесслер және басқа да неміс футболының аңыздары ойнаған құрама. Олар техникалық немесе тактикалық кемшіліктеріне қарамастан, мінезі мен жеңіске деген ерік-жігерінің арқасында талай кездесудің тағдырын Германия пайдасына өзгерткен еді.
Юрген Клопп дәл осындай мінезді қайтара алатын бапкерлердің бірі саналады. Оның командалары әрдайым тәртіпті, жоғары қарқынды, жанкешті ойынымен ерекшеленіп келді. Сондықтан көптеген сарапшылар Клопптың келуі тек тактикалық өзгеріс емес, ұлттық құраманың психологиясын түбегейлі өзгертетін шешім болуы мүмкін деп есептейді.
Егер тағайындау жүзеге асса, Германия футболы жаңа дәуірдің табалдырығын аттауы ықтимал. Ал Клопп үшін бұл – бапкерлік мансабындағы ең үлкен сынақ әрі көптен бергі арманына айналған қызмет болмақ.