Лайық емеспін: Павлодарлық бойжеткен «Алаяқтық синдромы» жайлы сыр шертті
Адам баласы кейде өзінің жетістігін мойындамай, басқалардың алдында ыңғайсыз сезініп, өзін жұмысына лайық емес санап жүреді. Психологиялық тұрғыдан оның атауы бар – алаяқтық синдромы.
@Pavlodarnews.kz тілшісі бұл сезімді өз басынан кешірген 21 жастағы қызбен және психолог маманмен сұхбаттасып көрді.
(Спикердің аты оның өтініші бойынша өзгертілген болатын).
Разия өзінің бойында алаяқтық синдромының бар екенін алғаш рет жұмысқа орналасқан бетте байқаған. Ол ағылшын тілінен сабақ береді.
– Сен басқаларға қарағанда аз білесің деп ойлап жүресің. Тіпті, жалақы төмен болса да, сен осы жұмысқа да лайық емессің деп өзіңді өзгелерден төмен санайсың. Яғни, қандай-да бір стандарттарға жетпей жүрсің деген ой кетпейді, – деді ол.
Оның сөзінше, алаяқтық синдромы өмірді қиындатып, қажетсіз эмоцияларды сезінуге мәжбүрлейді.
– Достарыңды, әріптестеріңді алдап, өз орныңды таба алмағандай боласың. Бір уақытта барлығы шындықты біліп, сені менсінбей қояды деген үреймен жүресің, – деді бойжеткен.
Разия алаяқтық синдромының пайда болуының өзіне деген жоғары талаптардың қоюымен байланыстырып отыр.
– Мен бұл сезімді бір-екі рет емес, жүйелі түрде үшінші курста оқып жүргенде байқадым. Яғни, мен істеп жатқан әрекеттерімінің барлығы жеткіліксіз деп ойладым, – деді спикер.
Разия бұл синдромның айқын көрінісін әсіресе сабақ беріп жатқанда байқайды.
– Мысалы, мен ағылшын тілін жақсы деңгейде меңгердім. Алайда сабақ барысында жеңіл ережелерді түсіндіргенде кей кезде өзімнен күмәнданып қаламын. Не болмаса бір сөздердің аудармасын дұрыс айтып отырған жоқпын деген сенімсіздік пайда болады. Бұрындары осындай сезім ешқашан болып көрген емес, – деп мойындайды бойжеткен.
Разия алаяқтық синдромына қарсы ешқандай әрекет жасамаған және де психологқа бармаған.
Ал павлодарлық психолог маман Ксения Волкова бұл синдромнан арылу үшін бірнеше кеңес береді.
– Бұл синдромды жеңу үшін өзін-өзі бағалауды нығайту, жетістіктеріңіз бен дағдыларыңызды қабылдау маңызды. Психологиялық қолдау және психотерапия пайдалы болуы мүмкін,– деді маман.
Оның сөзінше, алаяқтық синдроммен кез келген адам жолығуы мүмкін. Яғни, бұл жас ерекшеліктеріне ешқандай әсер етпейтін үрдіс. Әдетте бұл адамның физиологиялық, психологиялық, өмірлік тәжірибесіне тікелей қатысты болады.
– Көбінесе осындай адамдар өзін басқалармен салыстырып, жеткен жетістігін жай ғана сәттілікпен байланыстырып жүреді. Ол жетілдіру жолында оның еңбегі жеткіліксіз болып көрінеді. Осындай адамдар жаңа мүмкіндіктерден қорқып, қашуға тырысады, – деді Ксения Волкова.
Оның сөзінше, алаяқтық синдромы күйзеліс пен мазасыздыққа, адамның физикалық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ жұмыс ортасында өзіне деген сенімділіктің жоғалуына әкеледі.
Психолог алаяқтық синдромы әлеуметтік ортадағы факторларға байланысты пайда болатынын атап өтті. Ксения бұл сезімдерден арылу үшін психолог мамандарға жүгініп, қаралуға кеңес береді.