Маңғыстаудағы оқу-жаттығуға қатысқан 17 әскери қызметші мемлекеттік наградамен марапатталды

Маңғыстаудағы оқу-жаттығуға қатысқан 17 әскери қызметші мемлекеттік наградамен марапатталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Президент Жарлығымен қаза тапқан 14 және аман қалған үш әскери қызметшінің ерлігі мен жанқиярлығы атап өтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығуға қатысқан әскери қызметшілерді мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлықтарға қол қойды. 

Қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметші «Айбын» орденінің II және III дәрежелерімен марапатталды.

29011 әскери бөлімі взводының командирі Олжас Мұхтарұлы Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденіне ие болды.

Рахымжан Қошқарбаев атындағы III дәрежелі «Айбын» орденімен 13 әскери қызметші марапатталды. Олар:

  • Сержан Аяпберген;
  • Дастан Бегей;
  • Мейрамбек Бердіханов;
  • Ақжайық Гилаж;
  • Мансұр Ғұмаров;
  • Олжас Диханбаев;
  • Әсет Жаңабай;
  • Алмас Көбенов;
  • Азамат Мәдіхан;
  • Өмірбек Өмірзақ;
  • Жеңіс Темірғалиев;
  • Ақылбек Төлеген;
  • Мирас Тұрдыбекұлы.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тағы бір Жарлығымен оқу-жаттығу кезінде аман қалған үш әскери қызметші «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Олар – 29011 әскери бөлімінің матростары Бекет Қуандық пен Ақжол Темірхан, сондай-ақ санитариялық нұсқаушы Никита Удалов.

Осылайша, екі Жарлық бойынша 29011 әскери бөлімінің барлығы 17 әскери қызметшісі мемлекеттік наградаға ие болды.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына атаулы жеделхаттар жолдап, марқұмдардың мемлекеттік наградаларға ұсынылатынын мәлімдеген еді. Президент олардың отбасыларына қажетті көмек көрсетуді тапсырды.