Майқайыңдағы қатып қалған құбырлар толығымен жылытылды

Майқайыңдағы қатып қалған құбырлар толығымен жылытылды
Фото: Валерий Бугаев

Кешке су толтыру жұмыстары қолға алынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин Майқайыңдағы жағдай туралы баяндап берді. 

– Бейінді, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдары, қала құраушы ұйымдар құбырларды жылыту жұмыстарына тартылды. Бүгінгі жағдайға сәйкес жұмыстар толығымен аяқталды,– деді Екібастұз қаласының әкімі. 

Оның сөзінше, кешке дейін желілерді толтыру басталып, қысым беріліп, сумен жабдықтау мәселесі пысықталады. 

Еске сала кетейік, 21 ақпанда Екібастұз қалалық су арнасынан 27 шақырым жерде ақау анықталды. Майқайыңда жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Барлығы 143 адам және 60 мамандандырылған техника жұмылдырылды. Жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына байланысты «Богатырь-Көмір» АҚ-на су беру уақытша тоқтатылды. Бұл ретте көмір өндірісі зардап шеккен жоқ, өйткені, оған судың қажеті жоқ. Ал, кәсіпорынның шаруашылық қажеттіліктері үшін су жеткізілуде.