Май ауданында күрделі жөндеу жұмысынан кейін мәдениет үйі ашылды
Кеңтүбек ауылдық клубы 1963 жылы салынған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мәдениет ошағында күрделі жөндеу жұмыстарын «ВИНТРЕЙД» ЖШС 2024 жылдың 2 мамырында бастап, қыркүйек айында аяқтаған. Бұл мақсатқа «Бонус бюджеті» аясында 99,070 миллион теңге қаражат бөлінген. Соңғы рет 2019 жылы ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілген.
– Ауылдық клубта 10 қызметкер жұмыс істейді. Жалпы ауданы 107,4 шаршы метр, бір қабатты ғимаратта көрермендер залы және екі санитарлық торап орналасқан. Клубтың төбесі толығымен, шатыры, есіктері, екі терезесі, санитарлық торап, тамбур, едендер, жылу қазандығы толығымен ауыстырылды, сыртқы жөндеу жұмыстары жүргізілді, – дейді әдіскер, облыстық, республикалық және халықаралық жыршылар, термешілер конкурсының жеңімпазы Аманкелді Сагайқызы.
Ауылдық клубта бес шығармашылық ұжым жұмыс істейді: «Қыздар-ай» балаларға арналған би үйірмесі, «Құрдастар» балаларға арналған вокал тобы, 2022 жылы облыстық онлайн форматта өткен «Сыңғырла, аспабым» атты сайыста бірінші орын иегері атанған «Гүлдер» отбасылық ансамблі, «Үкілі домбыра» атты балалар домбырашылар ансамблі, «Замандас» үгіт тобы. Оларға Алнұр Мұқтарқызы, Салтанат Арынова, Аманкелді Сагайқызы жетекшілік етеді.
Кеңтубек ауылында 1007 адам тұрады.